BasNewsЖаңалықтар

Алматының Әуезов ауданында жаңа оқу жылында 1200 орындық мектеп ашылады

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесіп, балабақша мен мектептердегі орын тапшылығы, абаттандыру және жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі өтініштерін тыңдап оны шешу жолдарын қарастырды, деп хабарлайды Basnews.kz.

Әуезов ауданының тұрғындары көтерген ең өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінгі күні ауданда 5365 орын жетіспейді. Қазір 6 мыңға жуық адам тұратын «Мамыр» ықшамауданында 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Құрылыс алаңын аралап көрген Бақытжан Сағынтаев қолданылатын құрылыс материалдарының сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында «Ақсай-3а» ықшамауданындағы №123 мектеп жанындағы 400 орындық қосалқы нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы бес мектеп жанынан жалпы сыйымдылығы 3550 орындық қосалқы нысандардың құрылыстары басталады. Осылайша, Әуезов ауданында мектептердегі орын тапшылығы іс жүзінде оң шешімін табатын болады.

«Жалпы, қала бойынша мектептерде 30 мың орын жетіспейді. Халықтың саны өсуіне орай келер оқу жылында бұл көрсеткіш екі есеге артатын болады. Сондықтан 2020-2021 жылдары 16 жаңа мектеп және 23 қосалқы нысан салу жоспарланған, бұларда шамамен 47,5 мың орын болады. Яғни, оқушы орнының тапшылығы 80 пайызға қысқарады. Құрылыс ЖҚЖК, МЖӘ бағдарламалары мен жобалары және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша әрі жеке кәсіпкерлікті ынталандыру арқасында қарқынды жүруде»,– деді қала әкімі.

Айта кетейік, балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешуге тұрғын кешендерін салумен айналысатын кәсіпкерлер көмектесуде.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй кешенін салу кезінде әлеуметтік нысандар үшін орындар бөлу міндетті түрде қарастырылуы тиіс. Бұл білім берудің қалалық мекемелеріне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Мәселен «Үш сұңқар» ТК «Ақсай-5» ықшамауданында құрылыс салып жатқан компания 115 орындық балабақша үшін арнайы орын бөлді.

Бүгінгі күні Әуезов ауданында 16584 баланы қамтитын 46 мемлекеттік және 122 жеке балабақша бар. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 63 жеке балабақша жұмыс істейді. 2019 жылы мемлекеттік (120 орынды) және 25 жеке (400 орынды) мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілген болатын.

2020 жылы тоғыз жеке балабақша ашу жоспарланған, бүгінгі күні олардың 178 орындық үшеуі ашылды.

Back to top button