BasNewsЖаңалықтар

Елордалықтарға себепсіз көшеге шығуға шектеу қойылды

20-21 маусымда Нұр-Сұлтанда тағы да шектеу шаралары енгізіледі, – деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Қалада жаяу жүруге де, жеке көлікпен жүруге де шектеу қойылады. Тек мына жағдайларда рұқсат етіледі:

– жұмыс орнынан анықтама (немесе қызметтік куәлік) болған жағдайда, тұрғылықты жерінен жұмыс орнына және кері қарай бағытта;

– азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тұрғылықты жері мен жұмыс орнына жақын дүкендер мен дәріханалардан сатып алу;

– шұғыл жағдайда медициналық ұйымдарға бару;

– тұрғылықты жерден жақын маңда үй жануарларын серуендету.

Нұр-Сұлтан тұрғындарына қосымша шектеу шаралары кезеңінде қажет болатын тауарлар мен дәрі-дәрмекті 18 және 19 маусымда сатып алу ұсынылған.

Уақытша шектеу кезінде 65 жастан асқан тұрғындарға қажет болмаған жағдайда көшеге шығуға шектеу қойылады.

Сауда орталықтарында, базарларда, қоғамдық көліктерде, азық-түлік сататын және сатпайтын дүкендерде, қызмет көрсету орындарында және қоғамдық орындарда кең көлемде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Нұр-Сұлтанда 2020 жылы 20 маусым сағат 22:00-ден 21 маусым сағат 00:00-ге дейін қызметі тоқтатылатын орындар:

– Сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (супермаркеттер, гипермаркеттер), азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатылатын дүкендер, базарлар, жәрмеңкелер;

– мейрамханалар, кафелер, фаст-фудтар, фудкорттар, асханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары. Тек 50 орыннан аспайтын ашық ауада орналасқан қоғамдық тамақтану орындары мен жеткізу қызметтері жұмыс істейді;

– фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, жаттығу залдары, спорт кешендері, бассейндер;

– SPA-орталықтар, SPA-салондар, сұлулық салондары, шаштараздар, тырнақ студиялары, барбер-шоптар, солярийлер, массаж орталықтары және сол секілді қызмет көрсететін орындар;

– қоғамдық моншалар, бассейндер, сауналар;

– қоғамдық көліктер;

– Техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, шиналарға қызмет көрсету, авто бөлшектер сататын дүкендер;

– тирлер, ату орындары;

– құрылыс компаниялары. Құрылыс алаңынан тыс жерде жұмыс істемеуді қамтамасыз ету мүмкіндігі мен құрылыс алаңдарында жұмысшыларға арналған жатақханалары бар болған жағдайларда жұмыс істеуге болады;

– қоғамдық орындар: саябақтар, алаңдар, жағалаулар, көше ойын алаңдары және азаматтардың басқа да демалыс орындары;

– шетел валютасымен қолма-қол операциялар жүргізуге құқығы бар қаржы нарығының субъектілері мен қызметтері мен ұйымдары;

– географиялық жағынан Нұр-Сұлтан қаласына жақын туристік аймақтарға кіреберісті жабу және осы аудандарда орналасқандар әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет.

Back to top button