BasNewsЖаңалықтар

Наурыздан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 қазақстандық көз жұмды

2020 жылдың наурызынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 қазақстандық көз жұмды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжан мәлім етті, деп хабарлайды Basnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында биылғы 16 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін қанша тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алғаны туралы сұрақ қойылды.

«2020 жылғы 16 наурызда төтенше жағдай енгізілгеннен бастап 5 тамызға дейінгі аралықта 241 тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 33-і адамдардың қаза табуымен, яғни өлімімен аяқталды. Өткен жылдың ұқсас кезеңіне талдауды нақты осы мерзім аралығында жүргізбеген едік. Бірақ біз 16 наурыз бен 31 шілде аралығындағы мәліметтерге салыстырмалы талдау жасаған болатынбыз. Атап айтқанда, 31 шілдеге дейінгі аралықта 237 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімінің аралығымен салыстырғанда, 41,7 пайызға көп», – деді А. Мәтжан тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол өткен жылы 16 наурыз бен 31 шілде аралығында 168 осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін нақтылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, коронавирус індеті кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті.

Айта кетейік , өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке 8 мыңнан астам құқық бұзушылар тартылды.

Back to top button