
2022 жылдың 27 тамыз күні Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті бесінші отырысы өтті.
Күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралып, тиісті мемлекеттік орган басшыларының ақпараты тыңдалды.
Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары ЖҰМАБАЕВ Жандос Сағындықұлы, Шымкент қаласындағы санитарлық-эпидемологиялық жағдай туралы; қала аумағында жаз мезгілінде тез бұзылатын тауарларды сатудың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі мен департамент жұмыстары туралы Шымкент қаласының санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы ТӨЛЕБАЕВ Абдіманап Қошқарұлы, Шымкент қаласындағы мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру сапасын арттыру шаралары және мемлекеттік органның атқарған жұмыс нәтижелері, Шымкент қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру, Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға инклюзивті білім беру және оңалту үшін жағдай жасау, жаңа оқу жылына дайындық туралы Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы ТАЖИЕВА Жанат Арысбекқызы баяндады.
Аталған тақырыптар бойынша кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар алынып, пікірлер мен ұсыныстар талқыланды.
Отырысты Шымкент қаласы қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі ӘЛТЕЕВ Бауржан Ілімшеұлы жүргізіп отырды.
Кеңесте үш тақырып қаралып, соның бірі ретінде Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің құзыретіндегі мәселелер қаралды.
Жиында баяндама оқыған Департамент басшысы Төлебаев Әбдіманап Қошқарұлы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жұқпалы және паразитарлық аурулар, оның ішінде аса қауіпті жұқпалы ауру ошақтарында індетке қарсы іс-шараларды ұйымдастырып, аурушаңдықтың әрі қарай таралуының алдын алу жұмыстарын жүргізетіндігін, сонымен қатар, тіркелген ауру ошақтарында және профилактикалық бағытта дезинфекция, дезинсекция жұмыстарының жүргізілуін ұйымдастырып, қадағалайтындығын атап өтті.
Шымкент қаласының тұрғындары арасында 2022 жылдың 7 айында оба, тырысқақ, құтыру, іш сүзегі, паратиф, полиомиелит, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, эпидпаротит, қызылша, қызамық, тұмау, тері лейшманиозы, описторхоз, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелмеген.
Департамент басшысы Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың 7 айындағы жұқпалы аурушаңдықтың эпидемиологиялық жағдайы туралы айта келе, вакцинация, ревакцинация және қайта ревакцинациялау жұмыстарына тоқталды. Баяндалған ақпараттан кейін, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Атап өтсек, қаладағы санитариялық талапқа сай емес нысандарды тексеру жағдайы, көше тазалығы, қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі және вакцинацияның қаншалықты тиімділігі туралы сұрақтар қойылды. Осы орайда, Департамент басшысы вакцинацияның тиімділігін былтырғы жаз мезгілінде тіркелген көрсеткіштен биылғы көрсеткіштің әлдеқайда аз екендігі дәлелдейтінін, ұжымдық иммунитеттің қалыптаса бастағанын жеткізді.



