Новости

Судағы қауіпсіздік – басты назарда

2026 жылғы 17 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Судағы қауіпсіздік – басты назарда» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға спикер ретінде Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Оразов Әбіл Владимирұлы қатысты.

Брифинг барысында өңірдегі шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Спикердің айтуынша, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «2026 жылғы шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары» әзірленіп, Ұлытау облысы әкімінің 2026 жылғы 9 сәуірдегі №28 өкімімен бекітілген.

Қазіргі таңда облыс аумағында Ұлытау облысы әкімінің 2025 жылғы 10 қазандағы №81/03 қаулысына сәйкес 4 ресми шомылу орны белгіленген. Оның ішінде 1 жеке жағажай («Мадагаскар»), 2 демалыс аймағы («Дом рыбака» және «Горняк») және байдарка мен каноэде есу сабақтарына арналған 1 спорт нысаны бар. Барлық нысандар Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауында орналасқан.

Суға түсуге тыйым салынған орындардың барлығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығына сәйкес қауіпсіздік белгілері орнатылған. Бүгінде облыс бойынша 97 қауіпсіздік белгісі қойылған.

Су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Ағымдағы жылдың 6 маусымында Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен «Қауіпсіз су» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Ұлытау облысы Полиция департаменті, Жезқазған қаласының полиция басқармасы, прокуратура қызметкерлері мен «Birlik» клубының еріктілері қатысты. Акция Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында өткізілді. Нәтижесінде 300 тұрғын мен 10 балықшыға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 200-ден астам жадынама таратылды.

Сонымен қатар, өңір аумағында су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған тұрақты профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда. 13-14 маусым күндері ТЖД, полиция қызметкерлері және ерікті жастар ұйымдарының қатысуымен облыс тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылды.

Брифинг барысында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылғаны, құтқару кеудешесінсіз қайықпен жүзгені үшін 3 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылғаны хабарланды.

Спикер азаматтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салды. Оның айтуынша, жыл сайын су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркеліп, адамдардың суға кету фактілері орын алады. Мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған және шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болады.

Суға кетудің негізгі себептері ретінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, алкогольдік ішімдік ішіп суға түсу, жүзуді білмеу, балаларды қараусыз қалдыру және белгіленбеген орындарда шомылу аталды.

Осыған байланысты тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу, балаларды қараусыз қалдырмау, тыйым салу белгілерін сақтау және суда қауіпсіздік талаптарын қатаң орындау ұсынылды.

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы адам өмірін сақтап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

17 маусым 2026 жыл

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button