Шымкент қаласының ерекше жастары тарихи, мәдени орындарды аралады⠀

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының оқушылары экскурсияға шықты. Оларды қаланың көрікті жерлері мен мәдени нысандарымен таныстырып, арнайы қызметтер ұсынылды. Іс-шараға 30-ға жуық ерекше жас тартылды.
— Шымкент қаласынын көрікті жеріне барған балалар өте қуанышты.⠀Бүгінгі саяхат оқушылар үшін өте пайдалы болды деп ойлаймын. Еліміздің тарихымен танысып, білімін арттырды. Іс-шараны ұйымдастырған ұжымға алғысым шексіз, – деді есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Нұрлыбайқызы.
Аталмыш бағдарламаға сәйкес жастар Шымкент Ескі қалашығын (Цитадель), «ShymQala» этно ауылына, Тарихи-өлкетану мұражайы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы және Бәйдібек би этносаябағын аралап, арнайы гидтердің бөліскен тарихи ақпараттарын тыңдап, қаламыздың көрікті орындарын тамашалады.
Шымкент – туристік әлеуеті жоғары, 2200 жылдық тарихы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.
«Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Қала аумағындағы ежелгі Сайрам тұрғын алабы – сопылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ мұнда оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады», – деді Мұрат Әйтенов.
2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген көне және қасиетті орындарға бай қала болып саналады. Мәселен, Шымкент қаласында тарихи-мәдени орындар тізіміндегі ескі қалашық аумағындағы «Цитадель» қорғаны, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелері, Мәртөбе, Хызыр мұнарасы, «Қылует» этномузейі, Қошқар ата кесенесі, Дәуітұлы Шыңғысбай қажы сынды тарихи нысандар жетерлік. Соңғы жылдары аталған тарихи орындарға Қазақстанның өзге қалаларынан және шетелдерден келуші азаматтар қатары көбейген.
Айта кетейік, 20-25 қазан күндері мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған іс-шаралар кешені аясында мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті меңгеру бойынша оқыту курсы ұйымдастырылады. Курсқа 100-ге жуық жас жас қатысады деп жоспарланып отыр.



