
Әлеуметтік сала дегенде ойымызға, ең алдымен, жұмыссыздық мәселесі келетіні белгілі.
Шымкент қаласында 2021 жылдың қорытындысымен 21 мыңнан астам адам жұмыссыз, яғни, жұмыссыздық деңгейі жалпы тұрғындардың 5 пайызын құрап отыр.
Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары хабарласып, түрлі жұмыспен қамту шараларына қатысуға шақырады. Егер мемлекет тарапынан ұсынған шараларға қатыспай, бас тартса, онда тізімнен шығарылады, түрлі қолдау шарапатын көре алмайды.
“Жастар практикасы” бағдарламасымен қаладағы нөмірі 24-ші “Алма” бөбекжай-балабақшасында Шымкенттік жас маман Сандуғаш Жапек мейірбике болып жұмыс істеуде. Ол Түркістан медицина колледжінің түлегі. Арнаулы орта оқу орнын “Мейіргер ісі” мамандығы бойынша бітірген. Жас маман аталған мектепке дейінгі мекемеге 2022 жылдың сәуір айында жолданған.
Оқуды тәмамдаған соң бірден “Жастар практикасы” бағдарламасына қатысуға бел будым. Жұмыссыз жас ретінде қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, қажетті құжаттарды өткіздім. Көп ұзамай маған бөбекжай-балабақшасына жолдама берді. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Балалардың, қажет болса қызметкерлердің денсаулығын қадағалаймын. Алғашқы ем-домын жасаймын. Болашақта емханада жұмыс істеп, қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосқым келеді. Жалпы, “Жастар практикасы” бағдарламасы жастарға мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік, — дейді Сандуғаш.
Айта кету керек, 2022 жылы аталған бағдарлама аясында 2000-нан астам жасқа жұмыс орындарына жолдама беру жоспарланған. Жыл басынан 1000-нан астам жас жолданып, олар мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде жұмыс істеп жатыр.
Ақпарат: “Жастар практикасының” мерзімі — 12 ай. Жалақысы: 30 АЕК.
Бағдарламаға 29 жастан аспаған, “жұмыссыз” мәртебесі бар, ЖОО және колледжді 2020,2021,2022 жылы тәмамдаған (техникалық және кәсіби білім) түлектер қатыса алады.
«Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасының да енді жетіліп келе жатқан жас өскінге берері көп. Шымкент қаласында қазіргі таңда осынау бағдарлама арқылы жастарды жұмыспен қамту ісі қарқынды жүргізіліп жатыр.



