BasNewsНовости

Шымкентте сал ауруына шалдыққан балалар оңалту орталығында емделеді

Шымкентте әлеуметтік салаға ерекше назар аударылып келеді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен қала аумағында бірнеше оңалту орталықтары ашылған. Осы мақсатта ұйымдастырылған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «№1 оңалту орталығы МКҚК» жұмысымен танысты.

Оңалту мекемесінің бас дәрігерінің орынбасары Мейрамгүл Алтаева орталықта 120 қызметкер жұмыс істейтінін, дәрігерлердің көпшілігі тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары мамандар екенін айтып өтті.

–Мұнда тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, церебральді сал ауруынан жұту, шайнау қызметтері нашарлаған және тіл мүкістігі бар балалар мен жасөспірімдер емделеді. Науқастарға негізінен медициналық және педагогикалық, коррекциялық емдеу түрлері қолданылады. Балаларға ортопед-травматолог, неврапотолог, дефектолог, психолог, физиотерапевт және реабилитолог сияқты жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді, — деді М.Алтаева.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін оңалту орталығында 583 бала ем-дом қабылдаса, емдік шаралар өз нәтижесін берген 14 сәби аяғынан нық тұрып, 12 бүлдіршін өздігінен жүріп кеткен. Бұдан бөлек орталықта галотерапия, психологиялық оңалту, монтессори, сенсор бөлмесі, эрготерапия, ойынтерапиясы секілді қосымша емдеу шаралары жүргізіледі.

Аталған орталықта тегін ем қабылдау жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы жүзеге асырылады.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. 2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осыған орай, қаламызда балаларға арналған іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button