BasNewsНовости

Шымкенттік полицейлер балаларға қуаныш сыйлады

Шымкент қаласы Полиция департаменті Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылған 30 игі іс акциясы аясында және 1-маусым Балалар мерекесі қарсаңында балаларға қуаныш сыйлау және оларға қолдау көрсету мақсатында №4 балалар үйіне арнайы барып, құттықтады.

Мемлекет басшысы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп балаларға ерекше назар аудару керек екенін айтты. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы дайындаған мерекелік концерт қойды. Балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, балалар үшін түрлі шоу-бағдарламалармен қатар «ЖҚАЖ» арнайы мақсаттағы жасағының көрсетілімі ұсынылды. Сондай-ақ, балалар үшін сурет салу, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан өзге балалар үшін Полиция департаменті атынан арнайы спорттық жабдықтар мен үй кинотеатры сыйға тартылды.

«Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Сіздерді шын жүректен мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық тілеймін, спортты серік етіп, сабақты жақсы оқуларыңызды сұраймын. Біз тыныштықтарыңызды қамтамасыз етіп, әрқашан қорғандарыңыз болып, бақытты балалық сыйлау жолында қызмет етеміз»,-деді генерал-майор Қайрат Дәлбеков.

Айта өтетін ақпарат, №4 балалар үйі 2019 жылдан Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы қамқорлығында. Игі бастаманың арқасында балалар мен сақшылар тығыз байланыста. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері балалар үшін көптеген ойын-сауық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Балалар үйінде бірнеше спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылып, нәтижесінде тәрбиеленушілер республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Ал 2021 жылы 9 сыныпты бітірген №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері Стас Фролов пен Тимур Селезнев С.Рахимов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебіне, ал жас түлек Александр Речинский Полиция департаментінің қолдауымен Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсті.

Шара соңында 120 балаға арналған балаларға балмұздақтар үлестіріліп, мерекелік дастарқан жайылды. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері қуанышты мереке сыйлаған полицейлерге рақмет айтып жұмыстарына табыс тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button