
Қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қызметкерлерінің қадағалауымен Шымкентте жыл басынан бері 17 кәсіпорында 1200-ден астам жұмыскердің жалақы қарызы өтелді.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысында жұмыс берушілердің жалпы еңбекақы қарызы 200 миллион теңгеден астам қаржыны құрағаны мәлім болды.
Азаматтардың еңбек құқығын қорғауға байланысты бірқатар өзекті мәселелер қала әкімдігіне қарасты басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыс берушілер және қалалық кәсіподақ өкілдері қатысқан комиссия отырысында көтерілді. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың уақытылы әрі толық төленуі, еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалардан сақтандыру басты назарда.
Қазіргі таңда жұмыскерлерді сақтандыру аса маңызды. Өйткені, құрылыс саласында ауызша келісім және қызметтер көрсету шарттарының түзілу салдарынан қауіпті жұмыста еңбек ететін жұмыскерлер сақтандыру жүйесінен тыс қалуда. Осы бағытта ішкі еңбек нарығын қорғау, көлеңкелі экономикадағы еңбек табыстарын ресми бағыттарға өткізуді көздейтін ұсыныстар мен төмен жалақы деңгейін көтеру туралы ұсыныстар әзірленбек, — деді Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бауыржан Қалжанов.
Сондай-ақ, жиын барысында «Еңбек-елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыру және «Еңбек жолы» конкурсын өткізу мен «Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралардың» орындалуы талқыланды. «Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасын іске асыруда, оның мақсаты — қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен адамдардың беделін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың еңбекқорлығын тәрбиелеу. Жастардың бойында патриотизм, білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік, ынтымақтастық және жауапкершілік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды дарыту болып табылатынын атап өтті. Бұл міндетті жүзеге асыруда біздің жастарымызбен күнделікті өмірлік тәжірибесі мен кәсібилігімен бөлісетін аға ұрпаққа, тәлімгерлерге маңызды рөл беріледі



