
Шымкент қаласы Абай Аудан аумағында 258 аула мен 453 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Аталған үйлердің тұрғындарына арналып 112 қоқыс алаңшасымен 380 қоқыс контейнерлері қойылған.
Бүгінгі таңда қоқыс алаңшаларының айналасына тұрмыстық қатты қалдықтардан бөлек құрылыс қалдықтары, сынған шыны заттары, ағаш бұтақтары және т.б. қоқыстарға толып ластануда. Аталған қоқыс қалдықтары жеке сектордағы тұрғын үйлерден түнгі мезгілде жеткізілуде. Бұл өз кезегінде шағымсыз иіс шығарып, жергілікті тұрғындарға кері әсерін тигізуде.
Осыған орай, қоқыс алаңшаларының айналасындағы бей-берекет қоқыстарды тазалау мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Build Stroi» ЖШС демеушілігімен арнайы 6 жүк тиегіш (погрузчик) техникасымен 30 жүк көлігі жұмылдырылып тазалануда.
Тазалық жұмыстарынан соң контейнелердің айналасы химиялық сұйықтықпен залалсыздандырылатын болады. Алдағы уақытта бей-берекет қоқыстардың алдын алу бойынша, құрылыс қалдықтарын тастаған азаматтарды анықтап учаскелік полиция тарапынан әкімшілік шара көрілетін болады. Сонымен қатар, қоқыс алаңшаларына бейне камера орнату жоспарлануда.
Мәдениеттілігімізді көрсететін тазалықтың адамзат баласы үшін орны ерекше. Сөйлеу шеберлігіміз жоғары, киіну, жүріп-тұру қағидаларымыз қалыптастақанымен, қоғамдық жерлерде тазалық сақтау арқылы көпшіліктің бағасына ие болатынымызды да естен шығармаған жөн. Ол үшін әрбіріміз осы тазалықтың төңірегінде жауапты екенімізді сезіну ғана жеткілікті. Сананың тазалығы арқылы қаланың тазалығына үлес қоса алатынымыз анық. Мәселен, санамыздағы «тазалыққа жауапты адамдар бар» деген түсінікті терең ойлап көрейікші. Расында солай. Десе де олардың еңбегін бағалау – бәріміздің ар алдындағы, қоғам алдындағы міндетіміз. Осыдан кейін-ақ тазалыққа тек арнайы мекеме қызметкерлері ғана емес, барлығымыз жауапты екенімізді біле аламыз.
Құрметті тұрғындар, қоқыс контейнерлері үйден шығатын тұрмыстық қалдықтарға ғана арналғанын ескертеміз. Қала тазалығын сақтауға шақырамыз!



