
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір күні атап өтіледі. Мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Алайда адамзаттың ісі тек сол күні ғана ескерткіштерге құрметпен қарау емес, күнделікті өмірінде де мұра болып қалған мирасты күтіп баптап, келер ұрпаққа жеткізу болып саналады.
Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Шымкенттің әр бұрышы, тұнған – тарих. Бүгінде мемлекеттік тізімге алынған қаладағы мәдени-тарихи ескерткіштер саны кеңес дәуірімен салыстырғандамейлінше көп. Дегенмен, сол мұраларымызды сақтау, оларды қорғау төңірегінде әлі де түйткілді проблемалар аз емес.
Шымкенттегі көне тарихи ескерткіштерді сақтап қалу керек. 2 200 жылдық тарихы бар Шымшаһарда қазақтың көне тарихынан сыр шертетін ескерткіш көп. Соның бірі және бірегейі Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – «Жәми» Шыңғысбай қажы мешіті. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», соңғы уақыттары «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып кеткен.
Шымкент қаласындағы 7 тарихи-мәдени ескерткіш республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енген. Ал 8 нысан жергілікті маңызға ие орындар қатарында.
Сонымен қатар Қала аумағы кеңейіп, Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарынан бірқатар елді мекендердің қосылғанына байланысты Шымкентте тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қатары көбейді.
Осылайша ХІІ-ХVІ ғасыр мұрасы Сүзік ата кесенесі, Қазы Байза (ХҮІІІ-ХХ ғ.ғ), Ақ ата баба (Х-ХІ ғ.ғ), Мариям ана (ХІV ғ.), Махмуд хан шейх-баба (Х-ХІ ғ.ғ.), Бабай Тағай ата (Х-ХІ ғ.ғ.) кесенелері мен 1904 жылы бой көтерген туберкулезге қарсы аурухана ғимараты алдын ала есепке алу тізіміне енді.



