BasNewsНовости

Мегаполистің тазалығы — бәрімізге ортақ міндет

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар, көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дегенмен өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі.

Қаламызда 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты.

Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондай-ақ Германияда тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты.

Біздің қаламызда да тазалықты насихаттайтын орындықтар қойылды. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран жастарға әсер етпей қойған жоқ. Бұрын орындыққа отырып, шемішке шағып, сағыз қалдығын тастайтындардың қатары азайып келеді. «Қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда. Шымкенттің тазалығы үшін өткен жылы 830 қоқыс урнасы қойылды. Бұл тұрғындарға жауапкершіліктің артқандығын білдірсе керек. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату жұмысы үлкен серпінмен алға басып келеді. Өткен жылы аудандарда 1140 қоқыс контейнерлері қойылды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді болды. Ал қанатқақты жоба аясында қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлер Қарасу, Қабанбай батыр көшелеріне және теміржол вокзалына орналастырылды. Енді қала тұрғындары үйден шыққан, үй маңындағы қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлерге сала алады. Соңғы жылдары өңірдің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде.  Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес.

Шымкентте «Бәйтерек ЛБ», «Жасыл жер» және «Bulid stroy» ЖШС тазалық мекемелері қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды.

Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды.

– Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, кейде тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар.

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру керек, – дейді бағбан.

Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына ғана керек пе? Әлде тазалық мәселесін «Таза қала» байқауымен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой…

Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button