Еңбек адамы бейнесінде — Алтынкүл Сейтаева

Жалпы еңбек адамы идеясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қойылған мақсаттар мен міндеттерге сай келеді. Онда кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылтуға мүмкіндік беретіндігі айқындалған. Еңбек адамына мемлекет тарапынан мәртебе белгілеп, көтермелеу маңызды.
Бүгінгі кейіпкеріміз архив саласын дамытудағы ел байлығы болып саналатын құжаттарды мәңгілік сақтай отырып, ұрпаққа аманат етіп қалдыруда көздеген еңбегі орасан зор «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директор орынбасары және «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі — Сейтаева Алтынкүл Кеңесқызы.
Алтынкүл Кеңесқызы — 1964 жылдың 29 қазанда ОҚО, Бөген ауданы, Темірлан елді мекенінде дүниеге келген. 1987 жылы И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмәмдап, инженер-систематехник мамандығын алып шыққан. Одан бөлек, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан педогогикалық университетінің тарих пәнінің мұғалім мамандығы бойынша бітірген.
Алтынкүл Кеңесқызы архив саласында 20 жыл аянбай еңбек етуінің нәтижесінде және өзінің іскерлігімен қатар жүретін біліктілігінің арқасында ұжымға өте білімді, сапалы мамандарды жинақтай отырып, қалалық архив ісін жоғары деңгейге көтеріп, Республика көлеміндегі үлгілі архивтердің біріне жеткізді. 2002 жылы қызметін жаңадан бастағанда 90 қор қабылданған болса, 2022 жылы мемлекеттік сақтауда 409 қор қабылданып, осы құжаттардың негізінде жеке және заңды тұлғалардан алыс-жақын шет елдерге сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде және құжаттарды жарыққа шығару бойынша да біліктілігімен өз деңгейіне көтере білді. Жинақтау көзі тізіміндегі шаһардағы 464 мекеменің іс жүргізу және архив ісі талапқа сай болу үшін жылда семинарлар, конференциялар ұйымдастырып, мекемелердің үлгілі ведомостволық архивтерінде дөңгелек үстелдер өткізіп, бір-бірімен тәжірибе алмастырды. Денсаулық сақтау, білім, спорт саласына қатысты мекемелер арасында мекеменің іс жүргізушісі мен архивке жауапты мамандардың біліктілігін және жауапкершілігін арттыру мақсатында «Іс жүргізу және архив» атты байқау-конкурстар ұйымдастырып, қаншама мекемелерде құжат қоймалары талапқа сай жабдықталып, архив ісі жолға қойылған.
2018 жылдың 14-15 маусымында Рухани жаңғыру «Ашық қоғамға-ашық архивтер» тақырыбында Халықаралық семинар-кеңеске АҚШ, Польша елдерінен Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Тараз, Қызылорда облыстарынан келген әріптестерді Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің ғимаратында қарсы алу, семинар-кеңесті өткізу жұмыстарын ерекше форматта ұйымдастыра отырып, өзінің біліктілігімен жоғары деңгейде өткізе білді.
Алтынкүл Кеңесқызы — архив ісін дамытуда, оны жетілдіруде жемісті атқарып жатқан қызметтері мен еңбектегі жоғары бағаланып, 2003-2014 жылдар арасындағы Басқарма басшысының бірнеше Алғыс хаттары, 2010 жылы Шымкент қаласы әкімінің Грамотасы, 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық маслихатының Грамотасы, 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Грамотасы, 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты, 2017 жылы ОҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек озаты» медалі, 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хаты, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, 2019 жылы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы «Кәсіподақ қайраткері» медалімен наградталды.



