Шымкент: Жыл басынан бері қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық оталар жасалынды

Шымкент қаласында 2022 жылдың 1 жарты жылдығында 15 325 бала дүниеге келді. Оның ішінде егіздер — 194, үшемдер — 1. Өткен жылмен салыстырғанда, егіздердің тууы 18 жағдайға өсуі байқалды (10,2%).
Балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96%-ға дейін жақсартылды. Заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері ашылып, дамуда. Қазіргі уақытта осы жабдықтың көмегімен церебральды сал ауруы, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары, ісіктер, гематомалар, ми тамырларының тромбозы сияқты күрделі операциялар мен манипуляциялар жүргізілуде. Жыл басынан бері қалалық клиникалық балалар ауруханасында 76 нейрохирургиялық оталар жасалынды.
Қалада балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Қазіргі уақытта жалпы Шымкент қаласы бойынша 9 медициналық ұйымда қалпына келтіру және оңалту емі жүргізілуде. Жалпы тәуліктік балалар төсек-орын саны — 391, күндізгі төсек-орын саны — 101.
2022 жылдың 6 айында оңалтудан өткен жалпы бала саны — 3 773 (2021ж. — 2908), 2021 жылмен салыстырғанда — 865 балаға көп. Тәулік бойы стационарда — 2 842, күндізгі стационарда — 931 бала оңалтудан өткен. Шымкент қаласындағы оңалту емін жүргізетін Оңалту орталықтары МДК-мен (мультитәртіпті команда) жабдықталған: реабилтолог дәрігерлері, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ түзету педагогтарымен (ойын және музыка терапевттерімен, Монтессори-терапия мамандарымен) қамтамасыз етілген.
Шымкент қаласында жүйке ауруларымен диспансерлік есепте 2 497 бала тұрады, онының ішінде ДЦП ауруымен 1 164 баланың 893 оңалту емінен өтті.
Орта білім беретін 142 мектепте медициналық пункттер жұмыс істейді. Профилактикалық тексеруге жататын 225 737 оқушының ішінде оқу жылы ішінде 146 729 оқушы тексеруден өтті, бұл жоспарланған 50% қамтудың 65% -ын құрайды. Профилактикалық иммундаумен жасы бойынша балалардың 33% қамтылған, жоспар бойынша (30-33,2%).
Айта кетейік, қаламызда алты ай ішінде 2 938 медициналық қызметкерлер шет елде және республика орталықтарында біліктілігін арттырған. Арнайы оқытудан өткен медицина мамандары арасынан қалада алғаш рет балаларға кеңес беру үшін он педиатриялық мобильді бригада құрылды. Бұл мобильді топ дәрігерлері тәуекел тобындағы балаларды уақтылы анықтау, оларды стационарлық емдеуге жіберу жұмыстарымен айналысады.



