«Абайлаңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілуде

Шымкент қаласы аумағында «Абайлаңыз-балалар!» атты кең көлемді жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару. Жаз бойғы демалыстан мектепке енді келген балалар тарапынан алғашқы уақытта жол қауіпсіздігіне деген немқұрайлылық, салғырттық болуы ықтимал. Осы уақытта жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне тағы бір салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға учаскелік инспекторлар, полиция қызметкерлері жаппай жұмылдырылуда.
Акция аясында білім беру мекемелерінде балалардың жол жүру ережесінің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы лекциялар, дөңгелек үстел, семинарлар, тренингтер, сауалнамалар ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, Полиция департаментімен білім беру ұйымдарының айналасында орналасқан көше жол тораптарының жағдайы зерделенетін болады.
Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің полиция қызметкерлері әкімшілік аумақта орналасқан білім беру мекемелерінің және көше қиылыстарында жаяу өткіншілер жолағында балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында ата-аналар комитеттерімен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларға жол бермеу, халықтың назарын аудару мақсатында қалада орналасқан LED-экрандарда және автобустарда тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде. Сондай-ақ қоғамдық орындарда полиция қызметкерлері санитарлық нормалардың барлық талаптарын сақтай отырып, ата-аналар мен балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Полиция балаларды балалар орындықтары немесе арнайы ұстау құрылғылары жоқ тасымалдаушыларға назар аударады, осылайша жүргізушілердің қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауына көңіл бөлуде.
Балалардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балаларымыздың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал.



