Шымкент: Жыл соңына дейін үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді

Шымкентте жыл соңына дейін 12990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледжбен, жалпы 861 білім беру ұйымдарында 390 мыңға жуық тәрбиеленушілермен жаңа оқу жылы басталды.
Қала мектептерінде компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дананы құрап, 1 компьютерге 4 оқушыдан келіп отыр. Бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден тиген болатын. Барлық компьтерлер 100% интернет желісімен қамтылып, жылдамдығын арттыру мақсатында байланыс операторларымен келісім-шарт түзілді.
Сондай-ақ қаладағы 6 мектепке спорт алаңшалары салынып, 372 кабинет және 610 интерактивті панелдер орнатылған. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 32,2% ден 72,0% артқан.
Барлық мектептер 100% бейнебақылау, дабыл түймесі, турникет және І дәрежелі күзетпен қамтылған.
Оқу бағдарламасына сәйкес оқушылар 36 оқу аптасында 173 күн оқып, 192 каникул, демалыс күндерімен демалады. Оқу жылына 2 апта қосылуына байланысты біршама мүмкіндіктерге қол жетті. Жаңа оқу жылында 223 мектептің 218-і, яғни 97,8%-ы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп 6 күндік оқумен қамтылады. Өткен жылмен салыстырсақ, бес күн оқитын мектептер 61-ге артып, 6 күн оқитын мектептер 40-қа кеміді. Сонымен қатар, 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп 2 ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім берeді.
Өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің саны — 339, оның ішінде 102 мұғалім «әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану» мамандығына ие. Өзін-өзі тану пәнінің қысқаруына байланысты, оның 42сі өз білім беру ұйымына әлеуметтік педагог болып орналасса, 23і жаһандық құзыреттілік курсымен қамтылады. Ал 37 мұғалім кәсіптік бағдар беруші лауазымына ауысты.
Дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің саны — 1 385. 2021-2022 оқу жылында мұғалімдердің орташа оқу жүктемесі — 24,5-ті құраған. Сараптау нәтижесінде сағатпен қамтылмаған 45 дене шынықтыру пән мұғалімдеріне жаңадан ашылатын 20 жекеменшік мектептердегі 113 бос орындар ұсынылды. Нәтижесінде, 5-11 сыныптарда дене шынықтыру пәні бойынша жалпы орташа оқу жүктемесі — 16,3 сағат, бастауыш сыныптарда 16 сағатты құрады.
Айта кетейік, биыл Шымкентте 1-сыныпқа 28 002 оқушы қабылданды. Өткен жылмен салыстырғанда 3 000 балаға артық.



