Шымкент: 15-ші қыркүйекте емханаға ерікті тіркелу науқаны басталады

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айлүл Бекбауова мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек мәлімдеді.
«Елімізде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрімен бекітілген қағидаға сәйкес, 2022 жылғы 15 қыркүйек пен 15 қараша күндері аралығында 2023 жылға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарына ерікті тіркелу науқаны жүргізіледі» — деді спикер.
Емханаға бекіту екі әдіспен жүзеге асырылады. Бірінші әдіс, бұл барлық азаматарға арналған. Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту: www.egov.kz. сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Өрістерді толтыру арқылы медициналық ұйымға өтініш беру керек. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат түрінде бекітілгені туралы хабарлама беріледі.
Екінші әдіс, бұл, халықтың жекелеген санаттарына арналған. Емханаға тікелей жүгінген кезде — ұйымның бірінші басшысының атына жазбаша нысанда өтінім ресімдеу арқылы бекітіледі.
Өтінішті мынадай санаттағы азаматтар бере алады:
1) зейнеткерлер;
2) мүгедектер;
3) қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, сондай-ақ, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер және басқа да оларды алмастыратын адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да заңды өкілдері);
4) колонияларда өтеуші сотталғандар (өтеу орны бойынша);
5) студенттер, сондай-ақ медреседе оқитын студенттер;
6) мерзімді қызмет әскери қызметшілері;
7) шет мемлекеттерде туған балалар;
8) сәбилер, жетімдер, қарттар үйлері және т. б.;
9) сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.
Медициналық көмекке қол жеткізбей қалмау үшін тіркелудің мәртебесін тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ арқылы тексеру ұсынылады.



