Шымкенттік полицейлер мәслихат депутатымен мемлекет басшысының жолдауын талқылады

Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәжіліс залында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы талқыланды.
Жиынға Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрметті депутаты Еркін Сатқанбаев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Шымкент қалалық ақпарат-насихат тобының мүшелері арнайы келді. Іс-шараны Департамент басшысының Кадр ісі жөніндегі орынбасары Ермахан Абдраманов жүргізді. Сондай-ақ, басқосуға Департаменттің жеке құрам қызметкерлері қатысты.
«Қоғам дамуында елдің ішкі саясаты нық, ішкі тәртібі бекем болуы аса маңызды. Полиция қызметкерлері, сол тәртіпті қамтамасыз етіп келесіздер. Жолдаудағы тың өзгерістер мен ел дамуының басым бағыттары тәртіп сақшыларының да жұмысын қамтып отыр. Сондықтан, қоғам болып жұмылып, жаңа өзгерістерге бірге жетейік», – деді депутат Еркін Сатқанбаев.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялады. Президент алдағы бірқатар саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді айтып, қауіпсіздік әрі құқықтық бағыттарға қатысты нақты тапсырмалар берді.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет. Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», — деді мемлекет басшысы.



