Шымкентте күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты

Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты.
Ота жасау бөлмесінің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов қатысты.
М.Әйтенов қалада денсаулық саласын дамыту жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін»,- деді.
Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсулть алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд.теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.
«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет»,- деді мемлекет басшысы өз жолдауында.
Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады.
Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.



