Сенбілік жұмыстары – тазалық таразысы

Бүгін, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының және басқармаға қарасты «Ветеринариялық қызмет» МКК-ның қызметкерлері Шымкент қаласы аумағында жалпы қалалық сенбілікке белсене қатысты.
Ұжымдасып жасалған сенбілік барысында қызметкерлер Ж.Адырбеков көшесі бойындағы тұрғын үйлер аумағын және көше бойындағы арық-атыздарды күл-қоқыстардан, тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары ауданның көпқабатты үйлерінің ауласында да жүргізілуде. Себебі ағаштың өсіп кеткен бұтақтары жел соқса электр сымдарына зақым келтіріп, апатты жағдай туғызуы мүмкін. Аудан аумағындағы аулалардағы ағаштарды ретке келтіру және кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, қоқыс контейнерлерінің айналасындағы бей-берекет қоқыстарды тазалау жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда. Біз өзіміз отырған елді мекенімізді, бізді қоршаған ортаны қадірлеуді үлкеніміз бар, кішіміз бар, жаппай үйренуіміз керек. Әрбір отбасында жас сәбилерге, балаларға үйді, ауланы, көшені таза ұстауды, әрдайым тазалықты сақтауды үйрете білуіміз керек. Тазалықты сақтау қоршаған ортаны аялаудан бастау алады. Тазалық, қоршаған ортаның ластанбауы – денсаулық кепілі. Сондықтан, тазалық, абаттандыру, көгалдандыру мәселесін әрбір жекелеген тұрғын міндетім деп санауы тиіс.
«Тазалық – табалдырықтан басталады», демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Жалпы, тазалық жұмыстары қаламызда үздіксіз жүргізіліп келеді. Алайда «Тазалық тазаланған жерде емес, ласталмаған жерде болады» демекші, тұрғындардың санасына тазалық сақтау мәдениеті орнықпайынша мәселенің тез шешілуі оңай емес екені белгілі. Сондықтан, шымкенттіктер тұрып жатқан мекенін таза ұстауға атсалысса игі. Сонда ғана қаладағы жауапты мекемелердің жанкешті еңбегі көзге көрінер ме еді.
Тұрғындар арасында тұрғылықты жерін таза ұстау, ластануға жол бермеу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына жұмыла атсалысатындай жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Ол үшін бір-бірімізге деген құрметтің де өзіндік орны бар.
«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді.
Құрметті қала тұрғындары!
Шырайлы қаламызды әрқашан да таза ұстайық!!!



