Объективті ақпарат тарату мәселелері талқыланды

Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайында ҚР Ақпарат және даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ҚХА Журналистер клубының кезекті көшпелі отырысы өтті.
Семинар екі күнге созылып, ақпараттық жұмыстың ұйымдастырылуы бойынша пайдалы мәліметтер айтылды. Семинарға республика аумағындағы өңірлерден «Қоғамдық келісім» мекемелерінің баспасөз қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласының бірқатар журналистері, блогерлері, журналистика мамандануында оқитын студенттер мен ұстаздар қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты — ҚХА тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін ақпараттық жұмысты ұйымдастырудың дағдылары мен құралдарына үйрету, баспасөз қызметі мамандарының біліктілігін арттыру.
Семинар барысында мобилограф А.Жақсыбаев «Мобилография — әлеуметтік желілерде контентті ілгерілету құралы», Factecheck.kz ақпараттық сайтының тілшісі Ж.Тілеухан «Өшпенділік тілі: ұлтараздық қақтығыс кезінде қалай ақпарат тарату жолдары» т.б. тақырыптары төңірегінде баяндама жасап, сұрақ-жауаптар арқылы пікірлер алмасылды.
Тарихи кезеңде талай жетістіктерге жетіп, «тар жол, тайғақ кешуді» де бастан өткерген қазақ халқы үшін татулық, бірлік, ынтымақтастықтың орны бөлек. Егемендік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде осы қастерлі ұғымды көздің қарашығындай сақтап келеді. Бүгінде Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі екенін атап өтті.
Жиын соңында қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» және «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің, дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен Шымкент жоғарғы педагогикалық колледжі мен «Авиценна» көпсалалы медициналық колледжінің студенттерімен кездесу өтті.
Жиында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау және деструктивті теріс діни ағымдардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтар, жастарды отансүйгіштікке баулу, мәселелері қозғалып, ұлт араздығы мен діни түсініспеушіліктердің алдын алу мәселесі жөнінде түсінік берілді.
Жиын барысында сөз алған спикерлер жастар көтерген мәселелер бойынша пікір алмасты.



