Кәсіпкерлер палатасында ағзаға күшті әсер ететін дәрілік заттардың заңсыз айналымы қаралды

Нашақорлық қасіреті туралы қаншама айтылып жүрсе де, азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыз күреспей, бірлікте жұмыла күрессек, алынбас қамал жоқ. Біз өзімізді – өзіміз құрметтеуге тиіспіз. Бойымыздағы бар қабілетімізді тек жақсылыққа бағыттап, зиянды әдеттерден, ішімдіктен, шылымнан, есірткіден аулақ болуымыз қажет.
Шымкент қаласындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Денсаулық сақтау саласы комитетінің отырысында мүдделі мемлекеттік органдар және кәсіпкерлік нысандарының қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар, заңнамалық өзгерістер мен өзекті мәселелер қаралды.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков және аға жедел уәкілі полиция майоры Жанболат Жанатбекұлы қатысты.
Күн тәртібіндегі сұрақ бойынша сөз сөйлеген полиция майоры Бауыржан Карбеков, өткен жылдары дәрілік заттардың рецептісіз босатылуына қатысты мәселені қозғап, бірқатар заң бұзушылықтардың орын алғанын атап өтіп, қабылданған шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 Қаулысымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, «Трамадол», «Этизолам» және «Кетамин» заттары психотроптық заттардың тізіміне енгізілгенін, оның заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.
Кәсіпкерлік нысандарының иелері мен медицина және фармацевтика саласының өкілдері аталған өзгерістерді назарға алып, осы заң талаптарын ұстану қажеттілігі қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.
Жалпы алғанда, әлеуметтанушылардың көпшілігі нашақорлықтың тамырын отбасында, ата-аналар мен балалардың арасындағы өзара әрекеттесудің бұзылуында көреді. Авторлардың барлығы дерлік нашақорлықтың құбылысы ретінде толық емес отбасын, отбасылардың бұзылуы мен жанжалды жағдайларды атайды. Отбасында нашақордың, алкогольді немесе темекі шегушінің болуы да айқын қауіп факторы болуы мүмкін. Нашақорлықты тудыратын фактор — ата-аналардың балаға жеткіліксіз көңіл бөлуі. Есірткіге тәуелділердің отбасыларында басқа отбасыларға қарағанда жиі әртүрлі аурулардың пайда болатындығын және есірткі заттарының қолданылатынын атап өткен жөн.



