Новости

Тәртіп сақшылары тұрғындардан балаларды назардан тыс қалдырмауларын сұрайды

Шымкент қаласының тұрғыны күндізгі уақытта баласының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны бойынша Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығының «102» арнасына хабарласып, жағдайдың жай-жапсарын жеткізген.

Аталған жайт бойынша Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері лезде іздестіру шараларын ұйымдастырып, сол аумақтағы ойын алаңдары мен көшелерді аралады. Полиция қызметкерлерінің жұмысты жылдам ұйымдастыруының нәтижесінде бүлдіршін 20 минут ішінде сол маңдағы көшелердің бірінен табылды.

Өз кезегінде, бүлдіршіннің анасы ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары Н.Себаев пен А.Муратовқа кішкентай ұлын тауып бергені үшін алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Осы орайда, тәртіп сақшылары тұрғындардан балаларды қараусыз, назардан тыс қалдырмауларын сұрайды.

Сонымен қатар, қазіргі таңда «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, қарқынды түрде жалғасып жатыр. Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып-қайтатын, олар жиі жүретін көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.  Акция аясында Абай АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы Ш.Баймаханов №137 жалпы орта мектептің бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.

«Сабақ барысында оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді тәртіп сақшысы.

Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button