Новости

Шымкент: Үш айда жол үстінде қарсы бағытқа шыққан 163 жүргізуші анықталды

Жыл басынан бері қала аумағында 163 жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жол ережесін бұзғандары анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің инспекторлары күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады.

Осы ретте тәртіп сақшылары құқықбұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі (Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қарама-қарсы бағытқа шығу секілді жол қозғалысы ережелерін бұзу көлік құралын басқару құқығынан 6 айға айырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады.

Бұдан бөлек, қала аумағында жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 8 мыңнан аса жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Жүргізушілер арасында көп кездесетін жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – қауіпсіздік белдігін тақпау болып табылады. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 8279 (сегіз мың екі жүз жетпіс тоғыз) жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.

Аталған жүргізушілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 5 АЕК (бес айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады. Осы ретте тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол үстінде көлік тізгіндегенде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button