Шымкенттік тәртіп сақшылар мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық жасады

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің»-деген екен дана халқымыз. Қайырымдылық халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» дегендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, әрбір адамның азаматтық парызы адам өміріндегі ең игі істерінің бірі мұқтаж жандарға қамқорлық жасау.
Абай аудандық полиция басқармасының полиция қызметкерлері жауапкершілігі мол жұмыстарынан уақыт тауып, әрдайым көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап тұрады.
Басқарма бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Жанибек Хаким мен қоғамдық көмекші Нигара Мусаева зейнеткер, І-топтағы мүгедек Гүлжан Ерназарованың үйіне арнайы барып, қажетті азық-түлік заттарын апарып берді.
Өз кезегінде жәрдемге ие болған ана тәртіп сақшыларына ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары отбасындағы ұрыс-керістің алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс атқарады.
Мәселен, Абай ауданының Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева отбасындағы жанжалдан зардап шеккен азаматшаны қабылдады. Әйелге құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ, заңның талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған заңға сәйкес, жәбірленушінің арызы бойынша құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Нұсқамаға сай, азамат ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қойылып, онымен отыз күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни, оның тұрғылықты жеріне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып, тексеріп тұрады, профилактикалық сұхбаттар жүргізеді. Құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.
Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы бекер.



