Діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу тақырыптарында дөңгелек үстел өткізілді

Қызмет бастығының міндетін уақытша атқарушы азаматтық қорғау полковнигі С. Шоймановтың төрағалығымен суицидтің алдын алу, діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу тақырыптарында «Абдусаттар Сманов» мешітінің имамы Берік Салаватұлы Шотабековтің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел барысында суицидтің алдын алу үшін түсіндірме жұмыстарының маңызды екендігі жеткізілді. Өз жақындарына әрдайым рухани тұрғыдан қолдау көрсету, дұрыс жол табуына ықпал ету үлкен сауапты іс екендігін айтып, әрдайым бірлікте болуға шақырды. Тыйым салынған діни ағымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркелмеу керектігі қатаң ескертілді. Бұл бағытта өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты, яғни жастарды қатаң бақылау керектігіде аталып өтілді.
Мұндай тақырыптар өте өзекті болғандықтан жеке құрамға бұл бойынша түсіндіру маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.
Дінді өздерінің саяси мақсаттарына қолданатын экстремистік және террористік ұйымдар мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне және қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа ерекше қауіп төндіреді. Дін мен оның құндылықтарын бетперде еткен жалған уағызшылар жаһандық деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызып, төзімсіздік пен қысым орнатуда. Діни экстремизмнің басты сипаты – адамдарға ұстанатын сенімі бойынша өшпендiлiк пен озбырлықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе күш қолдана отырып шақырумен байланысты қысым көрсету, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану. Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің қорқыту, үркіту, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп. Оның кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру. Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі.



