Шымкентте есірткі курьері 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Жыл басынан бері Шымкент полициясы есірткі заттарын өткізудің 20 жайтын анықтады, 16 есірткі курьері, ораушылар мен көтерме саудагерлер тергеуде.
Шымкент қаласының полициясы азаматтарға есірткімен және психотроптық заттармен байланысты кез келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Осы қылмыс түрлері үшін ҚР заңдарында қатаң жаза қарастырылған.
Шымкент қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылдың қыркүйек айында жедел іс-шараларды өткізу барысында мегаполис орталығындағы көшелердің бірінде патрульдік полицейлермен бірлесіп, BMW-520 маркалы автокөлікпен жүріп келе жатқан 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер автокөліктің салонынан 100 дана оралған психотроптық заттарды тәркіледі. Одан әрі оның тұрғылықты жері бойынша қосымша 18 дана синтетикалық есірткі орамалары тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Әл — Фараби АПБ қызметкерлері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес «есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу» жүргізді. Тергеушілер жас жігіттің бұрын сотты болғанын және бостандықты шектеу жазасын өтеп жатқанын анықтады.
Күдікті «Telegram» арнасы арқылы нұсқау алғанын мойындады. Одан кейін белгіленген орында синтетикалық есірткіні алып, дозаларға бөліп, жасырын орындарға қойған. Қызмет ақысын интернет арқылы белгісіз біреуден ақшалай алып отырған. Сондай-ақ тергеушілер курьер жасырып үлгерген екі орыннан 30 орама есірткі тапты. Кейін сараптама көрсеткендей, тәркіленген заттардың барлығы синтетикалық есірткі болып шықты.
Тергеушілер жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Өз кезегінде, 2023 жылдың сәуір айында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Жас жігіт алдағы 10 жылын темір торда өткізеді.



