Новости

Полиция қызметкері күмәнді интернет-сатушыларға сенбеуге және тек сенімді интернет-дүкендерде сауда жасауға шақырды

Мамандардың айтуынша бүгінгі күні интернет алаяқтық – ең жиі жасалатын қылмыс түрлерінің бірі. Кейінгі жылдары жоғары білімді жастар, тіпті алаяқтардың әрекеті туралы бүге-шігесіне дейін білетін заң саласы мамандарының өздері де алданып қалған жағдайлар тіркелген. Статистикалық мәліметтер алданып, ақшасынан айрылып қалғандардың басым бөлігі электронды сауда жасағанын көрсетіп отыр.

Шымкент тұрғындары 15 мың теңгеден алтын аламыз деп алаяққа алданды. «Шетелден арзан бағамен алтын». Дәл осы ұсыныспен Түркістан облысының 39 жастағы тұрғыны өзінің Instagram желісіндегі парақшасында тұтынушыларды қызықтырған. Сонымен қатар, ол зергерлік бұйымдардың фотосуреттерін және олардың астындағы жалған оң пікірлерді күнделікті жариялау арқылы азаматтардың сеніміне кірген.

Шымкент полициясына осыған ұқсас шағыммен интернет-алаяқтың құрбаны болған үш жергілікті тұрғын арызданды. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқ басқа елден алтын бұйымдардың бір граммын 15 мың теңгеден әкелуге уәде берген. Әйелдердің әрқайсысы бірнеше қымбат зергерлік бұйымдарға тапсырыс беріп, алдын-ала төлем жасаған. Біраз уақыттан кейін олар хат алмасып отырған адам олардың байланыс нөмірлерін бұғаттап тастағанын анықтады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн. теңгеден асты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушілер берген ақпаратты зерттеп, олардың ақша аударымдарын тексерді. Қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде күдікті Түркістан облысының аумағында ұсталды.

Тергеуші Мардан Шәріпбаевтың айтуынша, аталған жайт бойынша қазіргі уақытта Абай аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты сотпен ешқайда кетпеу туралы шара қолданылды.

Сондай-ақ полиция қызметкері ер адамның алаяқтық әрекетінен зардап шегушілер санының артуы мүмкін екенін айтып, азаматтарды тексерілмеген немесе күмәнді интернет-сатушыларға сенбеуге және тек сенімді интернет-дүкендерде сауда жасауға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button