Шымкент: Заңсыз балық аулау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғатты қорғау тобының инспекторлары Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шара өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты – балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбею кезеңінде, балық қорғау органдарымен бірлесіп, қала аумағында заңсыз балық аулау, өткізу, сатып алу және тасымалдауды анықтау, жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу болып табылады.
Шара барысында арнайы топ қала аумағындағы Ақпан батыр көшесінің бойында балық сатумен айналысатын тұлғалар мен «Қырғы базардағы» балық аулау құралдарын сататын орындарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары заңмен тыйым салынған құралдарды сатудағы шектеулер туралы толығырақ айтып, заңсыз балық аулау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратынын жеткізді.
«Балық аулауға тыйым салынған құралдар пайдаланып, балық аулау қағидаларын бұзып, заңды белшесінен басып пайда тауып жүретіндер бар. Осы ретте, заңсыз балық аулаған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік хаттама толтырылған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады» — деді полиция подполковнигі Бауыржан Жумабеков.
ҚР Конституциясының 38-бабына сәйкес, әр азамат табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті делінген. Сонымен қатар табиғаттың тірі байлығын қорғаудың да маңыздылығы арта түсетіні шын. Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дей тұрғанмен, заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді. Дегенмен де табиғат байлығына қиянат жасаушылар да азаймай отыр. Тіпті заңсыз балық аулау деректері жыл өткен сайын арта түсуде.
Көбісі халық заңды дұрыс білмегендіктен жиі заңбұзушылыққа барады дейді, алайда заңды білмеу жауапкерішілктен босатпайтыны бәрімізге белгілі.


