Новости

Астана аспанына ән әуелеткен «Алтын мұра»

Ұшқан құстың қанаты мен шапқан аттың тұяғы талатын ұланғайыр   даламыздың әр аймағының ән дәстүрі орындаушылық ерекшелігіне сай  мектептерге бөлінеді. Бөліне тұра біртұтас ұлттық музыкамызды құрайды. Осынау ұлттық өнерімізді көздің қарашығындай сақтай алған дәстүрлі орындаушылар әр өңірдің әншілік өнерін, әншілік мектебін   ұрпақтан-ұрпаққа шашау шығармай табыстап келеді. Астананың 25 жылдығына орай өткен дәстүрлі орындаушылардың «Алтын Мұра» мерекелік концертінде бұған тағы бір мәрте көз жеткіздік. 

Астана қаласы әкімдігі мен Мәдениет басқармасы бұл кешті қазақ музыкасын, халық шығармаларын орындау дәстүрін насихаттау, жаңа таланттарды ашу мақсатында ұйымдастырған екен, ол мақсат орындалды десе болғандай. Себебі елорда халқы мен қала қонақтарына еліміздің әр өңірінің өзіне тән дәстүрлі әуезі мен әуенін тыңдауға мүмкіндік туды.

Бұл кешке келген қария бала күннен құлағына сіңісті болған әуезбен қайта табысты. Ал жас көрермен әншілік мектептердің өзіне тән ерекшелігін ұғынды. Үкілі домбырасын асынып алқалы жұрттың алдында ән салғанның бәрі бір қалыптан шықпайтынын білді.  Мысалы Арқа мектебі қазақы әншіліктің мейлінше дамыған саласы саналады. Диапазоны мейлінше кең Арқа әндері біргелкі еркін ырғақпен айтылады дейді өнертанушылар. Арқа мектебінің өкілдері қатарында Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Шашубай, Тайжан, Әміре сынды саңлақтарды атауға болады. Бүгіндері бұл мектептің туын биік ұстап жүрген Арқаның күміс көмей әншілері Сержан Мұсайын, Ардақ Исатаева, Жақсыгелді Маясаров, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай кешегі кештің көрігін қыздырды.

Жетісу мектебінің де жөні бөлек. Қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналатын бұл мектеп орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне ұқсас, бірақ жайлы, жұмсақ сазды келеді. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышев аталады. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын аласартпай сақтап келе жатқан Жетісудың кіл жүйріктері Ардақ Балажанова, Ерболат Шалдыбеков, Абылай Қармысов, Ақан Әбдуәлі сынды мықтылар осы жолы Арқаға келіп ән салды.

Батыс мектебі Бөкей ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән саналады, Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді дейді бұл мектепті зерттеушілер. Мұхит әндерінің Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып, Сыр мен Арқаға дейін қанат жайғаны мәлім.   Батыс әншілік мектебінің бүгінгі  өнерпаздары – Қайрат Кәкімов,  Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Эльмира Сланова  Мұхит сал мен Ғарифолланың үнін жаңғыртты. Әсіресе Қайрат Кәкімов пен Айгүл Елшібаеваның орындаушылық шеберлігі көрерменнің делебесін қоздырды.

Алтай-Тарбағатай ән мектебі жайлы кеңінен толғауға болар. Дәстүрлі ән өнерін зерттеушілер бұл мектеп жайлы «қазақтың классикалық ұлттық өнерінің ішіндегі ең көне мектеп» деген анықтама береді. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Кеңес Одағы тұсында Арқа және Батыс ән мектебі ғылыми зерттеліп талығанын, ал Сыр жыршылық мектебі, Жетісу, Алтай-Тарбағатай ән мектебі  Қазақстан тәуелсіздігінің жемісі екенін айтады.

«Бұл мектептің көне болатын себебі, оның сарыны ескі. Алып бара жатқан диапазон да жоқ. Бұл да осы әндерді тудырған ортаның табиғатына байланысты. Алтай мен Арқаның жер түзілісі мен табиғаты екі өңірдің әндеріне анық мысал болады. Алтай таулы аймақ болғасын да, дауыс бір шыңнан шықса, екінші шың ұстап қалуы мүмкін. Ал Сары-Арқа жазық қой, бір айғайласаң Арқаның батысынан шығысына дауысыңды жел алып кетіп жатады. Міне, осындай табиғи себептер әр өңір әндеріне өзіндік ерекшелік берген. Алтай-Тарбағатай әндерінің негізгі ерекшелігі: ғылыми тілде пентатоникалық дыбыс деп атайды. Бес ноталық дыбыстың айналасында құбылтып шырқалады. Пентатоникалық жүйеге құрылған Алтайдың әніне тән тағы бір ерекшелік бар. Ол болса – жай құлаққа шалына бермейтін, орындаушының өзі ғана сезетін иірімі» дейді әнші  qazaqtimes.com сайтына берген сұхбатында.

Алтай-Тарбағатай орындаушылық мектебінің бүгінгі өкілдері – Гүлмира Сарина, Аллажар Қайбар, Медет Салықов пен Клара Төленбаева да Астана аспанын әнге бөледі (осы тұста айта кету керек, аталған әншілер арқа әндерін де шебер орындайтын өресі биік өнерпаздар саналады).

«Алтын мұра» концертіне  халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Қорқыт» этно-ансамблі, «HasSak» этно-фольклорлық тобы, «Шалқыма» халық би ансамблі  қонақ боп келіп, қолдау білдірді. «HasSak» этно-фольклорлық тобы мен әнші Ұшқын Жамалбек көрерменмен бірге «Дедім-ай-ау» әнін бірге орындады. Концерт ұйымдастырушылары ән орындау шеберлігін паш еткен көрермендерге орамал жауып, алқа сыйлап, бір қуантты. Ал «Қазақ» сөзінің төркінін ә дегенде бірден айтып берген көрерменге ұлт аспабы домбыра тарту етілді.

Ең бастысы, бұл кеште дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушылары Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің көзі – Меруерт Құрманғалиева қонақ болды.

 

Тұмар Мырза

Басқа жаңалықтар

Back to top button