Жергілікті полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды тоқтату үшін көшені екі жағынан жауып тастады

Шымкентте кортежге қатысқан 9 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Шымкент қ. ПД жедел басқару орталығының полицейлері бейнебақылау камераларының көмегімен Арғынбеков к-сі бойында жол ережесін өрескел бұзған көлік кортежін анықтады. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды тоқтату үшін көшені екі жағынан жауып тастады. Нәтижесінде, жеңіл көліктің 9 жүргізушісіне қатысты полицейлер 11 әкімшілік хаттама толтырды.
BMW және Toyota Camry жүргізушілері ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылды. Шетелдік Mersedes Benz S550 және Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушілері ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабын (жолаушыларды тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамау) бұзды. Hyndai Sonata автокөлігінің жүргізушісі ҚР ӘҚБт-нің 599-бабын (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай өту) бұзған.
Авариялық жағдай туғызғаны және жолдарды, жол құрылыстарын бүлдіргені үшін кортеждің тағы екі жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Бірден ҚР ӘҚБтК-нің 590, 597, 602-баптары бойынша Lada-21900 жүргізушісіне хаттама толтырылды. Ол бір уақытта көлік құралдарын пайдалану ережелерін, көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзып, сыртқы жарық аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану ережелерін бұзды. Тәртіп сақшылары құқық бұзушының көлігін айыппұл тұрағына қамады.
Үшінші мегаполисте Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында ұдайы рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, тәртіп сақшылары 5 тәулік ішінде әртүрлі заң бұзушылыққа жол берген 975 мотокөлік тізгіндеушісін анықтады. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен мотошлем қолданбағаны үшін 187 тұлғаға хаттама толтырылды. Сондай-ақ, маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 123 жүргізуші әкімшілік кодекстің 595-бабымен жауапкершілікке тартылды. Тыныштықты бұзғаны үшін 59 тізгіндеушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.



