Новости

Шымкентте «қорғау» қосымшасы жалған нөмір таққан тағы бір көлікті әшкереледі

«Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларына мегаполис жолдарында жол ережесін қасақана бұзушыларды анықтауға көмектесіп келеді. Бұл бағдарлама бірінші кезекте жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала аумағында кешенді рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде Шымкент ҚПД Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан «Ауди» маркалы автокөлікті анықтады.

Құқық бұзушы туралы ақпаратты полицейлердің қызметтік планшетінде орнатылған «Қорғау» бағдарламасы берді. Қосымша арқылы патрульдік полицейлер автомобильдің Республика даңғылында яғни, автоэкипажға жақын маңда жүргені туралы сигнал алды.

Тәртіп сақшылары тізгіндеушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның көлік басқаруға құқығы жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған 480 мың теңге өтелмеген айыппұлы бар екені белгілі болды.

Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі және 612-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес, көлік құралын біле тұра жалған нөмірмен басқарған азамат 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады, ал көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адам 69 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Осылайша «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларына мегаполис жолдарында жол ережесін қасақана бұзушыларды анықтауға көмектесіп келеді. Бұл бағдарлама бірінші кезекте жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, смартфонын сатпақ болған ер адам қарақшыларға тап болды. Шымкенттің 22 жастағы тұрғыны «Iphone 14» маркалы ұялы телефонын сатпақ болып, интернетте өзінің гаджетін сату туралы хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай оған сатып алушы қоңырау шалып, Тельман шағын ауданына келуді өтінген. Кездесуге, белгіленген уақытта үш ер адам келген. Олар, тауарды тексергеннен кейін, сатып алу үшін қолма-қол ақша төлеп, кетуге асыққан. Бірақ сатушы ақшаның жалған екенін дер кезінде байқап, күдіктілерді қайта өзіне қаратады. Сол сәтте олардың бірі жәбірленушіні ұрып, кейін үшеуі де көлікпен оқиға орнынан қашып кеткен.  Бұл туралы, азамат Абай ауданының полиция басқармасына хабарлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button