Үшінші мегаполисте жыл басынан бері 316 интернет-алаяқтық жайты тіркелді

Алаяқтықты жасаудың негізгі және басты себептері азаматтардың сенгіштігі. Осындай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар, өйткені қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталары мен карталарды, сондай-ақ әртүрлі абоненттік нөмірлерді пайдаланды. Көп жағдайда ақша қаражаттарын шешіп алу үшін жалған адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мүқият талдау қажет, бұл нақты ұзақ уақытты талап етеді.
Үшінші мегаполисте жыл басынан бері 316 интернет-алаяқтық жайты тіркелді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шымкент халқымен кездесуде осылай деп мәлімдеді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шымкент халқымен кездесуде қоғамда кең тараған қылмыс түрлеріне тоқталды. Оның ішінде, үшінші мегаполисте жыл басынан бері 316 интернет-алаяқтық жайты тіркелгенін атап өтті. Бұл тек, Шымкент тұрғындарын емес, жалпы Қазақстан халқын алаңдатып отырған күрделі мәселе екенін айтты.
Еліміздің бас полицейі аталған қылмыс түрімен күресу үшін, Астанада іске қосылған «КиберПол» жобасы туралы ақпарат берді.
« Қазір осындай қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында «КиберПол» пилоттық жобасы іске қосылды.
Бағдарламаның мақсаты — цифрлық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл, басқаша айтқанда, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес. Оны Астана қаласында енгіздік, енді Алматы және Шымкент қалаларында енгіземіз. Бұл «КиберПол» жобасы «бір терезе» форматында ұйымдастырылды – яғни алғашқы тергеу іс-шараларын жедел уәкіл, тергеуші және криминалист бір уақытта, бір жерде өткізеді.
Сонымен қатар, біз болашақта:
– интернет қылмыстарының жаңа түрлерін анықтау үшін Кибер орталық құру;
– заңсыз қаражаттардың жолын кесу үшін банктермен интеграция жасау;
– абоненттік нөмірлерді бақылаусыз сатуға шектеу қою үшін байланыс операторларының және банк карталарын басқаларға бергендері үшін дропперлердің жауапкершілігін енгіземіз.» — деді, ІІМ Марат Мұратұлы.



