Новости

Шымкенттегі «Динамо» стадионында балалар арасында есірткіге қарсы шығармашылық сайыстар өтті

Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға баулу мақсатында Шымкенттік полицейлер балаларға арнап «Динамо» стадионында арнайы іс-шара өткізді.

Балаларды спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, олардың арасында түрлі шығармашылық және спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде, қаппен жүгіру, ұзындыққа секіру, арқан тарту, сурет салу сияқты тағы да басқа сайыстар болды.

Жарыс жеңімпаздары Полиция департаменті және «Динамо» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған балаларға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан футболкалар мен бас киімдер таратылды. Сондай-ақ, арнайы шақыртылған аниматорлар жасөспірімдерге жақсы көңіл-күй сыйлады.

Балалар үшін Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жекпе-жек тәсілдері бойынша арнайы дайындалған қойылым көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар «Есірткісіз әлем» ұранымен аспанға түрлі түсті шарларды ұшырды.

Сондай-ақ, Шымкенттік полицейлер «Үш бұлақ» балаларды сауықтыру орталығына барып, балалармен есірткіге қарсы науқан өткізді. Бүгінде бұл орталықта қаламыздың 2 бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілері мен өзге де мектеп оқушылары демалуда. Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, балаларға есірткі немесе басқа да психоактивті заттардың қауіптілігін, оның денсаулыққа алып келер зардабын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.

Кездесу барысында балалардың ақпаратты толық игеруін қамтамасыз ету мақсатында, «Біз әдемі, бақытты өмірді таңдаймыз» тақырыбында зияткерлік ойындар өткізілді. Оның соңы спорттық іс-шаралармен жалғасып, естелікке суретке түсумен аяқталды.

Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп қаралмауы керек, ол жалпы халықтың міндеті болып саналуы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button