Новости

Шымкентте «Hi-Tech» ЖПІШ барысында полицейлер 43 кибералаяқты әшкереледі

Соңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтық құқық бұзушылық фактілері көбеюде. Алаяқтар қылмыс жасау құралы ретінде қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды жиі пайдаланады.

Ақпараттық жүйені пайдаланушының сеніміне қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкіне қол сұғуға қатысты заңсыз әрекеттермен күресу мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Hi-Tech» іс-шарасын өткізді.

Оған криминалдық полиция қызметкерлері, тергеушілер, анықтаушылар және жергілікті полиция қызметі жұмылдырылды. Арнайы жедел-іздестіру тобы құрылды.

Үш күннің қорытындысы бойынша қабылданған шаралармен ЖПІШ барысында бұрын жасалған және тіркелген 43 интернет-алаяқтық анықталды. Осылайша, мегаполис полицейлері шымкенттік 2 азаматты алдап, 1 миллион теңгеден астам ақшасын иемденген Түркістан облысының жас тұрғынын ұстады.

Жәбірленушілер бұл туралы полицияға хабарлаған. Қала тұрғындарының айтуынша, оларға белгісіз біреу мобильді мессенджер арқылы хат жазған. Ол өзін сауда нүктесінің қызметкері ретінде таныстырып, тауар сатып алу үшін белгілі бір шотқа алдын ала төлемді аударуды сұраған. Қылмыскер қазір қамауда отыр.

Айта кетейік, мегаполис полицейлері интернеттегі алаяқтық жайттарының алдын алу мақсатында тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты жүргізеді.

Соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құрбандары көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Алаяқтық схемасы қарапайым: кез келген адаманың әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button