Полиция иті күдіктіні дер кезінде ұстады

Өткен демалыс күндері Еңбекші АПБ-ның 102 арнасына кісі өлімі туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту бойынша жедел-тергеу тобымен бірге Шымкент ҚПД бастығының орынбасарлары Серік Ергешов пен Арман Бейсенбаев және аудан прокурорлары да шықты.
Мекенжайға жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан зорлық белгілері бар ер адамның өлі денесін тапты. Анықталғандай, жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып,белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан темір жол жақты іздеуге шықты. Полиция иті Грей бірден із алып, тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарды. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды.
Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткіні қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болды. Қазіргі таңда, аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталған жас жігіт 10 жылға қамалды. Тұран АПБ-ның учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақта қызмет атқару барысында адам аз жүретін көшелердің бірінде құбыр астынан әлде бір затты іздеп, тапқан олжасын бірден қалтасына жасырған күдікті жігітті байқаған. Олар мән-жайды нақтылау үшін 102 арнасына хабарласып, оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақыртқан.
Тәртіп сақшылары ер адамнан ұнтақ тәріздес заттар салынған 10 дана орама, жиналмалы пышақ және 1 дана трамадол дәрісінің пластинкасын тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған ұнтақ «а-PVP» психотроптық заты екені расталды. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.



