Шымкентте ер адам кәмелетке толмаған өгей қызына қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді

Тұран АПБ-на 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, оның 6 жасар қызына бірге тұратын ер адамы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағанын айтып арызданған. Полицейлер бұл деректі ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі « жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша СДТБТ-не тіркеп, оқиға орнынан бой тасалаған күдіктіні іздеуге кірісті.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 44 жастағы күдіктіні оның досының пәтерінде ұстады. Ол бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотты болған. Жедел уәкілдер тұрғын үйді тексеру кезінде салмағы 4 келіге жуық марихуанаға ұқсас ерекше иісі бар зат салынған сөмке тапты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау » бойынша тіркелді.
Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бүгін де Мегаполис сақшылары қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру және отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету мақсатында дағдарыс орталықтарындағы келіншектермен кездесу өткізді. Аталған шараға 120-дан астам нәзік жанды қатысып, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек алды.
5 күнге жалғасқан жиында «Бақытты жанұя-бақытты ел», «Ана-отбасының ұйытқысы», «Бақытты ана- бақытты отбасы», «Бәрі де, ана бір өзіңнен басталады», «Ана-өмір шуағы» атты семинар сабақтар мен тігінші аналардың ұйымдастыруымен қолөнер көрмесі өтті.
« Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетуге қауқарлы мықты жаратылыс. Сондықтан, көбінесе әйел адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатады. Бұған, күнделікті өмірде орын алып жатқан әртүрлі әлеуметтік проблемалар себеп. Аталған келеңсіздіктің алдын алу мақсатында биыл заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, жанұядағы тирандарға жаза күшейтілді. Бес тәулік ішінде біз нәзік жандыларды заңдағы жаңашылдықтармен таныстырып, оларға құқықтық дәрістер жүргіздік» — дейді, әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы лейтенант Жаңыл Спанова.



