ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

Облыс орталығына ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова арнайы жұмыс сапарымен келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Зүлфия Сүлейменованы қарсы алып, өңірдегі экологиялық бастамалар мен ғылыми жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді.
Алдымен Президент кеңесшісі университет жанындағы Ботаникалық бақты аралап, ғылыми құрылым жетекшілері мен бақ қызметкерлерімен пікір алмасты. Университеттің ректор өкілі міндетін атқарушы Нажи Генч атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жер көлемі 88 гектар аумақты құрайды. Мұнда 127-ден астам өсімдік түрі бапталады. Сондай-ақ өңір климатына бейімделген коллекция қалыптасқан. Сирек кездесетін ағаш-бұталар мен дәрілік өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері зерттеліп, интродукциялық және экологиялық бағытта ғылыми ізденістер жүргізіледі.
Сапар барысында Президент кеңесшісі мен облыс әкімінің орынбасары баққа көшет отырғызып, естелік тақтайша орнатты.
Одан кейін ботаникалық бақ жанындағы жеміс-жидектерді өңдеу цехының жұмыс барысы таныстырылды. Бұл жоба университет ғалымдарының бастамасымен жүзеге асуда. Мұнда жиналған жеміс-жидектер заманауи әдіспен өңделіп, одан кептірілген экологиялық таза өнімдер алынады. Президент кеңесшісі мен қонақтар өнім сапасына оң бағасын берді.
Зүлфия Сүлейменова университеттің ғылыми әлеуетімен танысып, ғалымдармен кездесу өткізді. Мәжілісте экология, биологиялық ресурстарды сақтау, ғылыми зерттеулердің қоғамға әсері, жастарды ғылымға тарту жолдары туралы пікір алмасты.
– Президентіміз Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында биологиялық ресурстарды сақтау мәселесіне аса мән берген болатын. Тіпті, халықаралық биоәртүрлілікті сақтау қорын құруды да ұсынды. Қазір біз осы бастаманы ұйымдастыру жұмыстарымен айналысудамыз. Осы мақсатта еліміздегі ботаникалық бақтарды аралап, жұмыстарымен таныстым. Бүгін Түркістан облысына келудегі басты мақсатым – Қожа Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағының жұмысымен танысу, ғылыми жобалар туралы ақпарат алу, сондай-ақ, бақтың оқу үдерісімен байланысын білу еді. «Университетте «Ғылыми биология» мамандығы оқытылады екен, бұл – өте қуантарлық жағдай. Жастарды ғылым жолына тарту үшін дәл осындай бағыттарды дамыту қажет, – деді Зүлфия Сүлейменова.
Оның айтуынша, қазір республикалық деңгейде 6 ботаникалық бақ бар. Ал Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағы – өңірлік деңгейде ықпалы жоғары әрі университет жанынан ашылған жалғыз бақ. Аумағы ауқымды, әлеуеті де зор. Президент кеңесшісі бұл тәжірибені басқа жоғары оқу орындарына енгізу мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті.
Кездесу соңында ҚР Президентінің кеңесшісі Ботаникалық бақтың ғылыми және экологиялық маңызын жоғары бағалап, университет ұжымының жұмыстарын оң бағалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі