Новости

ТҮРКІСТАН: 100 ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ ГИННЕССТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНУГЕ ҮМІТТІ

Алматы қаласындағы әйгілі “Медеу” мұз айдынында ұлттық өнерге арналған ерекше әрі ауқымды көрме өтті. Бұл – еліміздегі қолөнер шеберлері үшін ғана емес, жалпы ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруы үшін де маңызды оқиға болды. Іс-шара “ALAMAN QURAQ-2025” жобасының аясында ұйымдастырылды. Жобаның авторы әрі бастамашысы – өнертанушы, қолөнерді дәріптеп жүрген жанашыр Нұргүл Абайхан. Бұл бастама Гиннестің рекордтар кітабына енуге ұсынылып отыр.

Көрмеде ұлттық нақыштағы 660 құрақ көрпе мен “Алма жастық” деп аталатын ерекше бұйым үлгілері ұсынылды. Бұл көрме – халқымыздың бай мәдениетін, дәстүрлі қолөнерін дәріптеудің, жаңғыртудың бірегей үлгісі. Алматы қаласының символына айналған алма бейнесі осы жолы ұлттық қолөнерде қызыл түсті құрақ жастық арқылы көрініс тапты.

Аталған жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 660 құрақшы қатысып, өз қолымен тіккен ұлттық бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Олардың әрқайсысы ұлттық киім киіп, көрменің мазмұнын байыта түсті. Бұл – халқымыздың көнеден келе жатқан қолөнер шеберлігінің қазіргі заман талабына сай жаңаша үлгіде қайта жаңғыруының айғағы.

Айрықша атап өтер жайт, осы көрмеге Түркістан облысынан арнайы келген 100 қолөнер шебері де белсене қатысты. Олар тек көрме көркіне айналып қоймай, ұлттық өнерімізді ұлықтауға, қазақтың мәдени құндылықтарын насихаттауға үлкен үлес қосты. Түркістан өңірінің қолөнер шеберлері өздерінің әжелерінен қалған әдіс-тәсілді, құрақ құрау өнерінің ерекшелігін, маңызын шебер көрсете білді.

“Аламан құрақ” көрмесі – тек өнер туындысы емес, бұл – ұлттың рухани жаңғыруына бағытталған ірі мәдени жоба. Жобаның басты мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау, жастарға ұлттық сана мен руханиятты сіңіру, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларды келешек ұрпаққа аманаттау. Сонымен қатар бұл бастама қазақ қолөнерін халықаралық деңгейге шығарып, әлемге танытуды көздейді.

Жобаның Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылуы – еліміздің қолөнерін әлемдік деңгейде мойындатудың үлкен қадамы. Егер жоба рекордтар кітабына енсе, бұл – тек қолөнершілер үшін ғана емес, күллі Қазақстан халқы үшін зор мәртебе болмақ.

Түркістан облысы әкімдігі алдағы уақытта да өңір шеберлерін қолдап, осындай ауқымды мәдени бастамаларға қатысуына жан-жақты жағдай жасауды жалғастыра бермек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button