Новости

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың Ұлытау өңіріне сапары

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Respublica» партиясы фракциясының өкілі Екатерина Сергеевна Смолякова және Мәжілістегі фракция сарапшысы Рауан Қалиев Ақылбердіұлы арнайы іссапармен Ұлытау облысына келді. Әуежайда халық қалаулысын «Respublica» партиясының Ұлытау облыстық филиалының өкілдері салтанатты түрде қарсы алып, партия мүшелері Никита Иглин мен Екатерина Саланова салтанатты жағдайда партия билеттерін табыстады.

Сапардың негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерін зерделеу, оларды шешу жолдарын талқылау және алдағы кезеңге арналған маңызды міндеттерді айқындау.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков депутат Екатерина Смолякованы қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, туризм саласын дамыту мүмкіндіктері мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.

Депутаттық делегацияның жұмыс кестесінде Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарындағы тарихи-мәдени нысандарға бару қамтылды. Атап айтқанда, Жошы хан кешені, Домбауыл және Алаша хан кесенелері, Теректі кентіндегі жартас ескерткіштері, Жаңаарқа өңіріндегі Жұбан ана мазары, Иманақ тауы мен Ақтау бекінісі араланды. Сондай-ақ, Шеңбер ауылы маңындағы Ақжар таулары мен Кейкі батыр үңгіріне бару жоспарға енгізілді.

Екатерина Смолякова тарихи орындардың қазіргі жағдайымен танысып қана қоймай, олардың жергілікті ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыру мүмкіндіктерін атап өтті. Оның пікірінше, туризмді дамыту өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Екатерина Смолякова – халыққа жақындығымен ерекшеленетін, ұлттық құндылықтарды бағалайтын халық қалаулысы. Томск қаласында дүниеге келген ол 90-шы жылдары отбасымен бірге Талдықорғанға қоныс аударып, қазақ тілін еркін меңгеріп, қазақ әдебиеті мен тілі мамандығын таңдаған. Бүгінде қазақтың келіні атанып, салт-дәстүрді өмірлік құндылық ретінде дәріптеп келеді.

Ұлытау сапары барысында ол тарихи орындарға тағзым етіп, аруақтарға құран бағыштады. Бұл – ел тарихына деген құрметі мен ұлттық руханиятқа жақындығының айқын дәлелі.

Мәжіліс депутатының Ұлытау облысына сапары – өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттап қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға да бағытталды. Ұлытау – қазақ халқының рухани қазынасы. Сондықтан бұл сапардың нәтижелері алдағы уақытта өңірдің даму перспективаларын айқындауда маңызды рөл атқарады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button