BasNewsРегионы

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КЕШЕНДІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Шиелі ауданында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жобаның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Аудан орталығында бірқатар әлеуметтік нысандардың аумақтары абаттандырылып, жаңа демалыс орындары пайда болды.

«Руханият» орталығының ауласы толықтай көркейтіліп, тамшылатып суару жүйесімен жасыл көгал егілді, субұрқақ, жарық шамдар мен орындықтар орнатылды. Сондай-ақ, И.Әбдікәрімов көшесі бойынан жоба құны 118,5 млн теңгені құрайтын жаңа аллея салынды.

Кентке кіреберіс Н.Бекежанов көшесінің бойында «Шиелі кенті» аркасы орнатылып, шаңырақ бейнелі арка, түнгі жарық шамдары, сәнді қоршаулар қойылды.

ХҚКО маңындағы аумақ заманауи келбетке ие болды. Мұнда автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолы, декоративті жарық шамдары, дизайнды темір қоршаулар, бастырмалы орындықтар орнатылды. №244 Ы.Жақаев атындағы мектеп ауласында «Baikonyr Solar» ЖШС демеушілігімен балалар ойын және жаттығу алаңы салынды. Аумағы 364 м² құрайтын алаңға 15 жабдық қойылып, қоршалды. Жоба құны -19,2 млн теңге.

Дәулеткерей көшесі бойында жалпы ұзындығы 480 метрді қамтитын абаттандыру жұмыстары атқарылды. 22 дана түнгі жарық шамы орнатылып, жол жиегіне дейін тас төселді. Сонымен қатар, Байтұрсынов және Жақаев көшелері қиылысында да 18,6 млн теңгенің жобасы жүзеге асырылып, ландшафтық дизайнмен безендіріліп, LED-экран қойылды.

АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДЕГІ ЖҰМЫСТАР

Жөлек ауылында 1640 тұрғын бар. Мұнда барлық көшелер асфальтталған, жарықтандыру 98 пайыз қамтылған. Биыл ауыл кіреберісіне аудандық бюджет есебінен арка салынып, қосымша құрылыстар демеушілердің қолдауымен жүргізілуде. 850 түп ағаш отырғызылып, көшелерге қиыршық тас төселді.

Иіркөл ауылдық округінде 493 млн. теңгеге 10 көшеге асфальт төселіп жатыр. Жансейіт елді мекенінде 40 көше жарығы орнатылды. Сонымен бірге «Қазсушар» мекемесінің демеушілігімен су қашыртқылары тазартылды.

Ақмая ауылдық округінде әлеуметтік нысандардың аумағы абаттандырылып, гүлдер отырғызылды. Ауылда спорт және балалар ойын алаңдары бар. 2025 жылы тағы бір футбол және жаттығу алаңы бой көтермек. Сонымен қатар «Сәт Сервис» ЖШС тарапынан ауылдың сыртқы электр желілері жаңартылып, жұмыстардың 95 пайызы аяқталды. Жыл басынан бері ауыл халқы сенбіліктерге белсене қатысып, шаруашылықтар арнайы техникамен қолдау көрсетіп келеді. 1500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.

«Таза Қазақстан» акциясы Шиелі ауданында тек тазалықты сақтаумен шектелмей, кең көлемді абаттандыру мен көркейту шараларын қамтып отыр. Мемлекеттік қолдаумен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруашылықтардың демеушілігі бұл істі жандандыра түсті.

Бұл игі бастамалар — тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға, ауылдар мен кенттің ажарын ашуға бағытталған нақты қадамдар. «Таза Қазақстан» — болашаққа жасалған үлкен инвестиция.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button