
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігі бірлесіп ғылыми деректер, халықаралық ұсынымдар негізінде мектепте тамақтанудың жаңа стандартын әзірледі. Аталған стандарт — балалардың дұрыс және ұтымды тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді
«Еліміздегі мектептердің ас мәзірінен құрамында қанты бар сусындар мен шырындар, шұжық өнімдері, ысталған ет, спред-май және дәм мен иіс күшейткіштері бар өнімдер алынып тасталды. Есесіне балалардың физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа піскен көкөністер мен жемістердің үлесі арттырылып, олардың рациондағы орны күшейтілді. Бұл стандарттар балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін төмендетуді көздейді. Сонымен қатар, ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептер мен буфеті жоқ білім беру ұйымдарында «Ланч-пакеттер» бойынша тамақтануды ұйымдастыру моделі қолданылады. «Ланч-пакеттерде» — ет және ірімшік қосылған ыстық бутербродтар ұсынылады. Оған қоса, ашытылған сүт өнімі, маусымдық жемістер мен сусындар беріледі. Ең бастысы, ыстық тамақты дайындауда негізі 3 тәсілге назар аударылған. Олар — қайнату, бумен пісіру, бұқтыру. Сондай-ақ, алғаш рет мектеп тағамдарына оқушылардың қанағаттану деңгейін бағалау үшін «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы енгізілген. Осы стандартта тиімді тамақтану қағидаттарын енгізуді және сақтауды білім беру ұйымдарының медицина қызметкері жүзеге асырады және олар тамақтану мәселелері бойынша 5 жылда бір рет біліктілікті арттырудан өтуі қажет. Бұдан бөлек, мектеп асханаларында «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстары жоспарлануда. Онда ата-аналар берілген тағамның сапасына кері байланыс жасап, баға бере алатын болады. Осылайша, жаңа стандарт еліміздің барлық білім беру ұйымдарында 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап толық қолданысқа енгізіледі» -деді сала басшысы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі