
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Катонқарағай ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытында сенімді өсім көрсетіп отыр.
Бұл туралы аудан әкімі Данияр Дюсембаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 985,9 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 164,5 пайызға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 703,5 млн теңге, өсім 175,7 пайызды құрайды.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 13 063,5 млн теңгеге жетіп, 114,3 пайыз деңгейінде орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 25 372,2 млн теңге, бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен 7 есе артық.
Құрылыс қарқыны да айтарлықтай артқан. Ауданда жалпы сомасы 11 161,9 млн теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 088 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сауда саласында да оң динамика байқалады: бөлшек сауда айналымы – 4 831,3 млн теңге (115,9%), көтерме сауда – 134,7 млн теңге (23 631,6%).
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алған аудан әкімдігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән беруде. 9 ай ішінде аудан тұрғындарынан 54 ұсыныс пен сауал келіп түскен. Олардың 34-і шешімін тауып, қалған 20-сы қаралу үстінде. Көбіне жол жөндеу, ауызсу, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар мен коммуналдық қызмет сапасы секілді өзекті мәселелер қозғалған.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында көші-қон бағыты да қарқын алуда. Биыл ауданға өңірлік квота бойынша 9 отбасы (24 адам) қоныстанды. Тағы 50 адам көшіп келуге дайындалуда. Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Катонқарағайға қоныс аударуға 68 отбасы (286 адам) және Сарыағаш ауданынан 24 отбасы (102 адам) ниет білдірген.
Аудандағы басты басымдықтардың бірі – туризм саласы. Табиғаты тұмса, көркі көз сүйсіндірер Катонқарағайда 2025 жылы төрт ірі жоба жүзеге асырылуда:
- Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантоорталығын кеңейту (400 млн теңге);
- Аршаты ауылында «Altay Resort» демалыс кешенін салу (2 млрд теңге);
- Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-отелінің аумағында мейрамхана тұрғызу (200 млн теңге);
- Катонқарағай ауылында «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенін салу (500 млн теңге).
Халықаралық инвестициялық форум барысында шетелдік инвесторлармен маңызды келісімдер жасалды. «Altai Taihe Real Estate Development Company Ltd» компаниясымен (қонақүй кешені мен киіз үй қалашығы – 8 млрд теңге) және «Pana Asia» компаниясымен (туристік қалашық – 6 млрд теңге) меморандумдарға қол қойылды.
Мемлекет басшысының Катонқарағай ауданында әуежай салу жөніндегі шешімі – өңірдің дамуы жолындағы тарихи бетбұрыс. Жаңа әуежай Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларымен қатар, Қытайдың Алтай және Қанас, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей қалаларымен әуе қатынасын қамтамасыз етпек.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданнан 47 жоба ұсынылып, олардың 24-і 289,52 млн теңге көлемінде мақұлданды. Бұл жобалар негізінде 33 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ПЭТ-бөтелке өндірісі, этнотуризмді дамыту және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
Инфрақұрылым саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы жалпы құны 1,35 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Аршаты ауылына баратын жолдың (586,9 млн теңге) жөндеу жұмыстары толық аяқталды, ал «Согорное – Барлық – Ақсу» бағыты бойынша (484,3 млн теңге) жұмыстардың 45% орындалды.
Шыңғыстай ауылы маңында қуаттылығы сағатына 80 тонна болатын жаңа асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Жобаның инвестиция көлемі – 300 млн теңге.
Катонқарағай ауылында көше жарығын орнатуға 30 млн теңге бөлініп, 94 жарық шамы мен 78 шам бағанасы жаңартылуда.
Құны 4 454,459 млн теңге болатын Катонқарағай ауылының су құбыры жүйесін жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде 1020 абонент жаңа жүйеге қосылған.
Биыл тағы екі маңызды нысан ел игілігіне берілмек:
- Катонқарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені (921,6 млн теңге);
- Топқайың ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту (602,865 млн теңге).
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде ауданда әлеуметтік әлжуаз және көпбалалы отбасыларға арналған 6 екіпәтерлі тұрғын үй (12 пәтер) салынды. Бұл мақсатқа 218,4 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Бұланты (Ақ Берел) өзенінен өтетін Қараайрық көпірін қайта жаңарту жұмыстары басталды. «KF KT-473 Язевое көліне кіреберіс» автожолындағы бұл нысанның жалпы құны – 592,032 млн теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 176,309 млн теңге бөлінген.