«Киелі кимешек»: Жезқазғанда ұлттық киім мәдениетіне арналған көрме өтті

Жезқазған қаласында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған ерекше мәдени шара – «Киелі кимешек» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін, соның ішінде әйелдің рухани бейнесін айқындайтын кимешек мәдениетін насихаттауға арналды.
Көрме аясында этнодизайнер және қолөнер шебері Тілек Сұлтанның авторлық кимешек коллекциясы жұрт назарына ұсынылды. Бұған қоса, ұлттық нақыштағы сән үлгілерінен дефиле өтіп, көрермендерге қазақ киімдерінің тарихы, өрнектерінің философиялық мәні және әр жасқа сай киіну дәстүрі туралы қызықты деректер айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар кимешек пен шылауыш тағу бойынша шеберлік сабағына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Салтанатты ашылу барысында қала әкімі Қайрат Шайжанов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің идея авторы, тарихшы-этнолог Тұрар Саттарқызына және этнодизайнер Тілек Сұлтанға ұлттық мұраның дамуына қосқан зор үлестері үшін алғыс білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты — Ұлы Дала мәдениетінің киелі мұрасын сақтап, қазақ халқының киім дәстүрін заманауи форматта таныстыру, сондай-ақ жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Көрмені 20 қарашаға дейін Ұлытау облыстық музейінің көрме залында тамашалауға болады. Барлық қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының киім мәдениетінің айрықша қырларымен танысуға шақырылады.
«Киелі кимешек» көрмесі – ұлттық болмыс пен рухани сабақтастықты дәріптейтін, ұлт рухының айнасындай мәдени оқиғаға айналды.



