Ұлытау облысында «Ұлытау ұланы» сыйлығы табысталды

5 қазан күні Ұлытау облысы әкімінің белсенді жастарға арналған «Ұлытау ұланы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
Бұл марапат — облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, өз еңбегімен өңір дамуына үлес қосқан жастарды ынталандыруды мақсат етеді.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің дарынды, белсенді жастары қатысты.
Салтанатты рәсімнің басты мақсаты — жастардың білімге, еңбекке, шығармашылыққа және азаматтық белсенділікке деген талпынысын қолдау.
Байқауға 50-ден астам өтінім қабылданып, қазылар алқасы үздіктердің арасынан сегіз аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Жеңімпаздар төмендегідей номинациялар бойынша марапатталды:
«Жас саясаткер» — Талғатбекова Нұргүл Ахатқызы
«Жылдың жас көшбасшысы» — Инабат Мұханбедиярқызы
«Үздік жас кәсіпкер» — Гүлім Аймағамбетова
«Үздік жас өнерпаз» — Ардақ Жарқынбеков
«Жылдың спорт жұлдызы» — Бекжан Қабжанов
«Жас ерікті – қоғам жанашыры» — Айнара Нұрғазиева
«Жас медиакөшбасшы» — Назерке Сапарбек
«Жылдың үздік жас еңбеккері» — Жігер Еділбаев
Жеңімпаздарға дипломдар, арнайы статуэткалар және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Шара барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров жастарды құттықтап, олардың қоғамдағы белсенділігі мен еңбегін жоғары бағалады:
«Жастар – ел болашағының айнасы. Сіздердің жетістіктеріңіз өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына серпін береді», — деді ол өз сөзінде.
Салтанатты кеш барысында өңірдің талантты өнерпаздары музыкалық нөмірлер орындап, атмосфераны мерекелік көңіл-күйге бөледі.
«Ұлытау ұланы» сыйлығы — жастарды қолдау және олардың жетістігін дәріптеу бағытындағы маңызды жоба. Осындай шаралар облыс жастарының белсенділігі мен отансүйгіштігін арттыруға ықпал етеді.


