Жезқазған қаласы әкімдігінде Президенттің Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті

Жезқазған қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен түсіндіру және насихаттау мақсатында кездесу өткізілді. Іс-шараға қала әкімдігі, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Қазақстан азаматы» бірлестігінің жобаларының жетекшісі, Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның сараптама тобының жетекшісі, ҚР Президентінің Жолдауларын насихаттайтын танымал дәріскер, облыстық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, қоғам қайраткері, мемлекеттік қызметтің ардагері Шахмарал Майбекқызы Кабулова спикер ретінде қатысты. Ол қатысушыларға Жолдаудың негізгі бағыттары, стратегиялық маңызы және қазіргі заманғы мемлекеттік саясаттағы рөлі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Шахмарал Майбекқызы Президент Жолдауында белгіленген реформалардың әр мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен белсенді ұстанымына тікелей байланысты екенін, сондай-ақ ел дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Ол Жолдауда көрсетілген әлеуметтік, экономикалық және құқықтық бастамалардың іске асуы әрбір қызметкердің белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін түсіндірді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен шара қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамаларын жан-жақты түсінуге, талқылауға және өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер арасындағы тәжірибе алмасу, кәсіби даму және Жолдаудың негізгі идеяларын өз қызметінде қолдану жолдары қарастырылды.
Шара соңында қатысушылар Президент Жолдауының маңыздылығын атап, оның ұсыныстарын өз қызметінде тиімді іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын түсіндіру, ақпараттық қолдау көрсету және мемлекеттік қызметшілерді реформаларды жүзеге асыруға ынталандыру мақсатында маңызды алаң ретінде бағаланды.


