Тақырыбы: ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу тәртібі туралы брифинг

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу тәртібіне арналған брифинг өтті.
Спикер – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері Қуатбаев Серік Алдиярұлы.
Брифинг барысында әскери білім беру жүйесінің құрылымы, оқуға қабылдау талаптары мен кезеңдері, сондай-ақ әскери кадрларды даярлаудың негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді.
Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінің қарамағында техникалық және кәсіптік білім беретін 5 әскери колледж жұмыс істейді. Олар:
• Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж;
• Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж;
• Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж;
• Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі;
• Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледжі.
Әскери колледждерге 9 немесе 11 сынып негізінде қабылдау жүргізіледі. Оқу барысында кадеттер мемлекет есебінен толық қамтамасыз етіледі, стипендия алады және оқу аяқталғаннан кейін «сержант» әскери атағы беріледі.
Жоғары білім (бакалавриат) деңгейі бойынша офицерлік кадрларды даярлау 3 әскери институтта жүзеге асырылады:
• Құрлық әскерлерінің Әскери институты;
• Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты;
• Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты.
Әскери институттарда оқу мерзімі – 4 жыл. Түлектерге «бакалавр» дәрежесі, «лейтенант» әскери атағы беріліп, Қарулы Күштер мен өзге де әскери құрылымдарда қызмет өткеру үшін жіберіледі.
Брифингте атап өтілгендей, әскери оқу орындарына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Үміткерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық тексеруден, дене дайындығы нормативтерінен өтеді және ҰБТ нәтижелері ескеріледі.
Сонымен қатар, құжаттарды «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Спикер әскери білім беру жүйесі әскери қызметшінің мансаптық өсуінің жүйелі моделін қалыптастыратынын, ал оқу кезеңінде және қызмет барысында мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер мен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Әскери қызмет – Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған мемлекеттік қызметтің ерекше түрі.
Қосымша ақпаратты ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурстарынан және әскери оқу орындарының әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болады.



