Новости

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ШЕТ АЙМАҒЫНДА 400 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА ЕМХАНАНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ                                                                              

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының арнайы қатысуымен Титов қыстағындағы 400 орындық жаңа емхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтап, денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, адамдағы байлықтың негізісі – денсаулық. Деннің саулығы – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы.

Президентіміздің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарының бірі де – халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсыну. Бүгін біз Қызылорда қаласы үшін, соның ішінде Титов мөлтек ауданының 40 мыңнан астам тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің басында тұрмыз.

Ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсіміне куә болуға жиналдық. Жалпы 9 млрд. 823 млн. теңгеге салынатын жаңа емхана ғимаратының аумағы 9 мың шаршы метр, заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады.

Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, қазыналы қарттарымыздың денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекет қолдауы. Алдағы уақытта да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұмыстар жалғасады», – деді Н.Нәлібаев.

Іс-шарада Ақмарал Шәріпбайқызы, Мархабат Жайымбетұлы құттықтау сөз алып, Қызылорда облысының құрметті азаматы Тұрғанбай Маханұлы бата берді.

Айта кетейік, 2022-2025 жылдары өңірде 26 млрд 400 млн. теңгеге 40 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 10 млрд 700 млн. теңгеге бой көтерген 28 нысан бүгінде халық игілігіне айналды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 9 млрд 900 млн. теңгеге 6 жоба іске асырылды.

Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар, Шиелі мен Арал ауданындағы жұқпалы аурулар бөлімшелеріне арнап жаңа ғимараттар салынды.

Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылында 15 төсектік ауылдық аурухана мен амбулатория, Арал ауданының Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухана, облыстық қан орталығы пайдалануға берілді.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button