ҚЫЗЫЛОРДАДА СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қызылорда облысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бірқатар оқу орындарының жатақханаларында студент жастармен профилактикалық кездесу өткізді.
Атап айтқанда, іс-шара И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі мен М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттеріне арналды. Кездесуге Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері де қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасты.
Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын кеңінен түсіндіру, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде ұстануға баулу болып табылады. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы қауіпсіз және тұрақты қоғам қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары студенттерге құқық бұзушылық жасаған жағдайда туындайтын құқықтық жауапкершілік түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Әсіресе жастар арасында жиі кездесетін буллинг, кибербуллинг, интернет қауіпсіздігі, лудомания, есірткіге тәуелділік және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар мамандар интернет кеңістігін дұрыс пайдалану, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік ережелерін сақтау және күмәнді ақпарат көздерінен сақ болу қажеттігін атап өтті. Жастарға кез келген заң бұзушылықтың қоғамға және жеке тұлғаның болашағына кері әсер ететіні түсіндірілді.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік нормалары да егжей-тегжейлі түсіндіріліп, мұндай әрекеттердің ауыр салдары туралы нақты мысалдар келтірілді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс жастарды құқықтық сауаттылыққа баулуға және теріс әрекеттерден сақтандыруға бағытталған.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен толыққанды жауап алды. Ашық диалог форматындағы бұл кездесу жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға және құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етті.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар Қызылорда облысында «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады.



